
Түркістан өңірінде агроөнеркәсіп пен өндіріс қатар дамып, ауыл әлеуеті артып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапармен барып, жаңа жобалардың барысын бақылады. Аймақ басшысы аудан экономикасына серпін беретін өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесті.
«Сауран – облысымыздың қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі. Мұнда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары қатар ілгерілеп келеді. Ең бастысы, әрбір жобаның артында жергілікті тұрғынның еңбегі мен табысы тұр. Біз инвестиция тартуға және жаңа технология енгізуге мүдделіміз. Әр істің сапасы мен уақтылы орындалуы – басты талап», – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі алдымен Бабайқорған ауылдық округіндегі “Мырзахан” шаруа қожалығында салынып жатқан 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын аралады. 20 гектар аумақты қамтитын бұл нысанның жалпы құны – 8 млрд теңге. Жоба іске қосылғанда 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Алаң жанынан ет сақтау қоймасы, мал сою бекеті, тері мен қан өңдеу зауыты, жем-шөп және тыңайтқыш дайындайтын цехтар салынады. Бұл кешен толық іске қосылған соң, Сауран ауданының ғана емес, бүкіл Түркістан облысының ет өнімін өңдеу әлеуеті бірнеше есеге артпақ.
Сапар барысында аймақ басшысы Жібек жолы ауылындағы жаңа кірпіш зауытының жұмысымен танысты. Заманауи технологиямен жабдықталған зауыт тәулігіне 20 мыңнан астам кірпіш шығарады. Ал жылдық қуаты 3,5 миллион дана өнімге дейін жетеді. Мұнда 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Құны 500 млн теңгені құрайтын жоба өңірдегі құрылыс қарқынына тың серпін беріп, отандық материал өндірісін арттырып отыр.
Іссапар соңында облыс әкімі Шорнақ ауылындағы спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы аясында салынған нысан биыл пайдалануға берілмек. 300 адамға арналған кешенде футбол, баскетбол, бокс, күрес және фитнес залдары қарастырылған. Түркістан облысы бүгінде ауыл мен қаланы тең дамыту бағытын ұстанып отыр. Әрбір жаңа жоба – елдің тұрмыс сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған нақты қадам. Облыс әкімінің бастамасымен іске асырылып жатқан мұндай жобалар өңірдің әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосуда.
