Өткен жылы 10 жылға сотталған Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов түрмеден босатылды.
Бұл туралы Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, Кентау қаласының экс-әкімі Дәурен Махажанов аса ірі көлемде пара алғаны үшін сотталған болатын.
Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі Дәурен Махажановтың жазасы бас бостандығынан айыру орнына айыппұлмен ауыстырылғанын хабарлады.
«Ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде Қапшағай қалалық сотының ұйғарымы негізінде шешім шығарылды. Сотталған Дәурен Махажанов Заречный кентіндегі №57 мекемеден шығып кеткен» деп атап өтті Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел қорытындысында 2022 жылдың 23 ақпанында «Интегра Констракшн» ЖШС директоры және «Еуразиялық банк» АҚ Түркістан филиалының директоры арқылы «VIP Stoy Company» ЖШС директоры Артықалиевтың Махажановқа 98 мың доллар көлемінде аса ірі көлемде пара алғаны көрсетілген. Бұл ақша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге және пайдалануға арналған төлемдерге жұмсалды. Төлемдер сомасы 1,7 млрд теңгені құрауы тиіс еді.