Түркістан облысындағы мектептерде шағын мұражайлар ашылып, қызмет көрсетуде. Басты мақсат – оқушылардың тарихи жәдігерлерді ұстап көруіне мүмкіндік жасап, таным-түсінігін арттыру.
Бүгінде мектеп ішінен ашылған мұражайларда құнды жәдігерлер жеткілікті. Олардың ішінде өлкенің тарихынан сыр шертетін, әрі сирек кездесетін экспонаттар да бар.
Атап айтқанда Келес ауданына қарасты Жүзімдік ауылында орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы №31 жалпы орта білім беретін мектебінің тарихи-археологиялық мұражайына қойылған заттарды көп музейлерден табылмайды.
Мұнда ХҮІІІ-ХІХ ғасырларға тиеселі ағаш шоқпар мен ожау, ежелгі қаңлы дәуіріне тиеселі саз балшықтан жасалған құмыралар мен ыдыстар бар. 1353 жылы тастан жасалған қол диірмендерді де осы мектептен кездестіруге болады.
Сондай-ақ сөрелерге көне монеталар мен қоладан жасалған шәйнек, кесе секілді тұрмыстық заттар қойылған.
ХҮ-ХҮІ ғасырға тиеселі Балбал тасқа арнайы бұрыш берілген. Оның ішінде қаншама жылдардан бері қолданылып келе жатқан домбыра мен қобыз тұр.
Ұстаздардың айтуынша, қазіргі кезде де мектеп ауласында, ауыл маңында көптеген жәдігерлерді кездестіруге болады. Мектеп оқушылары қыш құмыралардың қиындыларын тауып алған.