Сенаторлар: «Бизнесті қолдау мен қайта өңдеу саласы – тұрақты дамудың маңызды мәселесі»

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті. Онда шағын және орта бизнесті дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу және агроөнеркәсіп секторының мәселелеріне баса назар аударылды.

Сарыағаш қаласындағы қайта өңделген пластиктен тұрмыстық техника жасалатын «Bah Asmar» кәсіпорны сапардың басы болды. Зауыт күн сайын 5000-ға дейін өнім шығарады, оның ішінде шәйнектер мен сүрткіштер, ілгіштер мен басқа да тұтыну тауарлары бар. Сенаторлар полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеумен және пластик ыдыстарды шығарумен айналысатын «Amantayplast» компаниясының жұмысымен де танысты. Кәсіпорында тәулігіне 4 тоннаға дейін қалдық өңделеді, олардан 10 000 қорап жасалады.

Депутаттар шаруа қожалықтарында да болды. Олар жаңа ет өңдеу кәсіпорнын аралады және 2015 жылдан бастап заманауи агротехнологияны пайдалана отырып, 1,4 гектарға көкөніс өсіріліп жатқан жылыжай кешенінде болды.

Сенаторлар кәсіпкерлермен және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен жергілікті жерлерде бизнес жүргізу кезінде туындайтын өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ Сенаттың өңірдегі экономикалық белсенділікті ынталандыруға бағытталған заң шығару бастамалары мен мемлекеттік қолдау туралы әңгімеледі.

Сапар соңында аудан әкімімен, мәслихат депутаттарымен және жергілікті билік органдарының басшылығымен кездесу болды. Сенаторлар Сенаттың ағымдағы сессиядағы жұмысының қорытындылары туралы хабардар етіп, негізгі саяси-экономикалық реформалар мен қабылданған заңдарға назар аударды. Кездесуге қатысушылар өздерін толғандыратын тақырыптарға толық жауап алды.

Сенаттың Баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар