Сенатор Әли Бектаев: «Қабылданған әрбір заң адамға қызмет етіп, олардың сұранысына жауап беру керек»

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Түркістан облысына сапары аясында Кентау қаласында болып, өңір тұрғындарымен кездесті.

Жүздесуге қалалық мәслихат депутаттары, өндіріс және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері, білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары, сондай-ақ ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысты. Сенатор сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы барысында қабылданған негізгі заңнамалық бастамалар туралы айтты. Ол атап айтқанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларын іске асыру аясында Салық, Бюджет және Су кодекстерінің жаңа мәтіндерімен қоса бірқатар жүйе құрайтын құжаттар қабылданғанын атап өтті. Кездесуде Кентау мен оған жақын орналасқан елді мекендердің көптеген жылдар бойы шешілмеген экологиялық мәртебесі мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Мемлекеттің басты міндетінің бірі – барлық азаматтарға экологиялық әділеттілікті және әлеуметтік кепілдіктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Кентау мен оның айналасындағы ауылдарды экологиялық қолайсыз аумақ деп тану көптен күткен әлеуметтік қолдау шараларына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл көпжылдық жұмыстың, оның ішінде жергілікті белсенділердің күш-жігерінің нәтижесі. Парламент қабылдайтын барлық заңдар азаматтардың нақты сұранысына тікелей жауап болуы тиіс», — деп атап өтті Әли Бектаев.

Тұрғындар кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымдық бастамаларға қатысты мәселелерді көтерді. Сенатор кездесуге қатысушыларға белсенділігі үшін алғысын білдіріп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мұндай диалог кеңінен қанат жаятынына сенім білдірді.

Сенаттың Баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар