Түркістанда «Senat Open» II Ашық кубогының алғашқы жартылай финалы өтті

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың қолдауымен ұйымдастырылған «Senat Open» II Ашық кубогының алғашқы жартылай финалдық кезеңі Түркістан қаласында өтті.

Жарысқа Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарынан келген 129 мықты шахматшы қатысты. Турнир қорытындысы бойынша 38 қатысушы 29 тамызда Астана қаласында өтетін финалға жолдама алды.

Жартылай финалдың жеңімпазы – Қызылорда облысының 68 жастағы тұрғыны Юрий Егай болды. Ол 9 мүмкін ұпайдың 8-ін жинады. Екінші және үшінші орындарды 7,5 ұпаймен Түркістан облысынан Серік Қыдырбаев пен Қызылорда облысынан Барат Жетпісбаев өзара бөлісті. Бухгольц коэффициенті бойынша артықшылық Қыдырбаевқа берілді.

Турнирде ардагерлер, мемлекеттік қызмет өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің мүшелері жоғары нәтиже көрсетті.

«Senat Open» II Ашық кубогы 9 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша, әр ойынға 10 минут + әр жүріске 5 секунд уақыт берілу тәртібімен өтуде. 2025 жылғы турнирге рейтингі 2000-нан төмен шахматшылар қатысуда. Жалпы іріктеу кезеңдеріне 2100-ден астам ойыншы қатысса, ардагерлер арасындағы жарыстарды қоса алғанда, қатысушылар саны 3000-нан асты. Жарыс жалғасуда – алда елдің басқа өңірлерінде тағы төрт жартылай финал өтеді.

Турнир Қазақстанда шахматты насихаттау мен зияткерлік спортты дамыту ісіндегі маңызды оқиғаға айналды.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар