ӘЙЕЛДЕР БАЗЫНАСЫ – ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева Отырар ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аудандық партия филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, әйелдер көтеріп жатқан мәселелерді тыңдады.

Қабылдауға келген Жаңа Шілік ауылының тұрғыны, көпбалалы ана ауыл шетінде орналасқан үйіне ауыз су жетпей тоқтап қалатынына шағымын білдіріп, тозығы жеткен, қажетті су қысымына шыдас бермейтін су жүйелерін ауыстыру мәселесін қозғады. Аудан әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі берген мағлұматқа сәйкес, Жаңа Шілік ауылында 263 абонент ауыз су жүйелерін қолданады. Ауылдың аяқ жағында орналасқан үйлерге су жетпей қалу деректерін тексеру барысында тұрғындардың су жүйелеріне өз бетінше қосылу деректері анықталғаны айтылды. Яғни, кейбір жауапсыз азаматтар тіршілік нәрін рұқсатсыз бау-бақшасын суаруға пайдаланып келген. Нәтижесінде, ауылдың аяқ жағында орналасқан үйлерге су жетпей қалып отырған. Биыл ауылдағы су құбырларын ағымдағы жөндеуден өткізуге қаржы қаралғаны айтылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жақын күндері басталатын болады.

Сондай-ақ, қабылдауға келген ана жолдасы қайтыс болғанын айтып, мемлекет есебінен баспана алу, көшеге асфальт төсеу, аяқжол салу мәселелерін жеткізді. 2021 жылдан бері үй кезегінде тұрған азаматшаның бұл мәселесін облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі өз бақылауына алды. Көшеге асфальт төсеу және аяқжол салу мәселесі аудан әкімдігі қабылдаған кешенді жоспар аясында іске асырылатыны түсіндірілді.

Аудандағы белсенді әйелдермен өткен кездесуде облыстық Әйелдер қанатының жұмыс бағыттары байыпталды, әйелдердің саяси өмірге белсенді араласуы – Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформалардың нақты нәтижесі екені айтылды. «- Инклюзивті қоғам құру, ана мен балаға қамқорлық көрсету, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, қыз-келіншектердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, әйелдер құқықтарын қамтамасыз ету бойынша сараптамалық жұмыстар жүргізу – Әйелдер қанаты жүргізетін жұмыс басымдықтары болып белгіленді. Осы бағыттар аясында партиялық міндеттер шеңберінде біршама бастамалар көтеріп, жұмыстар атқарып келеміз. Тұрмыстыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ерте жүктіліктің профилактикасын жүргізу, әйелдер құқықтарын қорғауда қоғамдық қабылдаулар жүргізу, әйелдердің іскерлік беделін шыңдауға қолдау көрсету, ана мен бала денсаулығын қорғау, отбасылық құндылықтарды ілгерілету, балалар арасында есірткінің таралуына жол бермеу, оларды цифрлық гигиенаға баулу, өзін-өзіне қол жұмсаудан сақтау бағыттарында нақты іс-шаралар атқарып, қоғамдастықты әйелдер мен балалар құқықтарының қорғалуына жұмылдырып отырмыз», — деді Қалыйма Жантөреқызы.

Кездесу барысында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында айтылған басты мәселенің бірі – әйелдер колониясындағы ахуалды жақсарту екені түсіндірілді. Жүрегі нәзік әйелдер қылмысқа бармайтыны, күн көрістің қамы үшін торға түсіп жатқаны айтылды. Бас бостандығынан айрылған нәзік жандылардан қоғам теріс айналмауы керек екеніне мән беріліп, біз әрдайым адамгершілік құндылықтарын, заң мен тәртіп қағидаттарын басшылыққа алуымыз қажет екені түсіндірілді. Әсіресе осындай жағдайға тап болған кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер заңмен қорғалуға тиіс деп байыпталды.

Өңіріміз үшін ерте жүктілік мәселесі өзекті болып тұрғаны да айтылып, жастар арасындағы неке бұзу деректерінің көбейіп кетпеуіне қоғам болып қарсы тұруымыз маңызды деп бағаланды. Қоғамда әлеуметтік жауапкершіліктің бек орнығуына, әлеуметтік көмектің шын мәніндегі мұқтаж жандарға берілуін қолдауға, балаларымызды еңбекқорлық рухта тәрбиелеуге, адал еңбек етуге баулуға мүдделі болуымыз керек екені айтылды. Облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі ата-аналар мен балалар арасындағы ең жылы қарым-қатынасты сақтауда «Балаңа уақыт арна!» акциясы өтіп жатқанын мәлімдеп, аудан тұрғындарын партияның осы бастамасын қолдап-қуаттауға шақырды.

Талқылаулар барысында биылдың өзінде Отырар ауданында кәмелет жасқа толмаған 4 баланың өлімі тіркелгені айтылып, жасөсірімдер суға ағып кету, электр қуатынан жарақат алу, тағы басқа абайсызда болған себептермен өлім құшқан жағдайлардың орын алуы үлкен өкініш болып табылатыны мәлімделді. Жүктілік кезіндегі ана мен бала өлімінің тіркелуі де алаңдатарлық жағдай деп бағаланды.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар