ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫН ЖАРИЯ ТАЛҚЫЛАУ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтауда шекаралық аудандардың стратегиялық маңызы зор екені белгілі. Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде, қазіргі уақытта мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз етуде «AMANAT» партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдау бастамасын көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда партия бастамасына арнаы тоқталып, Үкіметке депутаттармен бірге жаңа құқықтық нормаларды жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Қазақстан Республикасының 14 облысы көршілес 5 мемлекетпен: солтүстігінде және батысында – Ресей Федерациясымен, оңтүстігінде – Түрікменстанмен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, шығысында – Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Батысында мемлекеттік шекара Каспий теңізінің акваториясымен белгіленген болса, оңтүстік-батысында – Арал теңізі табанымен айқындалған. Шекаралық аймақтарда 65 аудан бар. Онда 3,5 млн. адам тұрады. Ал шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн халық тұратын 1 283 елді мекен бар.

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы мемлекеттік шекараның 913 шақырымы Түркістан облысының аумағы арқылы өтеді. Өңірімізде 9 аудан шекаралық аймақ мәртебесіне ие болып, олардың тұрмыс-тіршілігі аталған заң нормаларымен реттелетін болады. Заң жобасын қоғамдық талқылау жиындарын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы 10 шілде күні Сарыағаш қаласында Сарыағаш, Қазығұрт, Келес аудандарының өкілдерімен өткізсе, 11 шілде күні Жетісай қаласында Жетісай, Мақтаарал Шардара аудандарының әкімдік өкілдерімен, қоғам белсенділерімен, депутаттармен және партия мүшелерімен бірлесе өткізді.

Заң жобасын қоғамдық талқылау жиыны бүгін Ақсукентте жалғасып, оған Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандары әкімдіктерінің жауапты азаматтары, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, партия мүшелері қатысты. Жұмыс жиынына “AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жетекшілік етіп, Сайрам ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сержан Дүйсебаев, партияның Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов қатысты.

«- Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда мемлекетіміз елдің шегін халықаралық шарттармен шегендеп, делимитация, демаркация үрдіс¬терін сәтті жүзеге асырып, территориялық дау-дамайдың жолын біржола кесті. Десе де, бізге ел қауіпсіздігі үшін, шекарадағы халық саны¬ның өскені, оның аяққа нық тұрғаны керек. Шекара маңындағы ауылдардың әлеуметтік-эко¬номикалық жағынан әлсіз болуы заңсыз көші-қон, контрабанда және басқа да қауіптердің туғызатыны бұған дейін де талай мәрте айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты пікірі, сол қауіптерді сейілтіп, шекаралық аймақтарда жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарға арналған арнайы бағдарламалар қабылдап, мемлекеттік гранттар бөлумен қолдау көрсету, елдің шетіндегі бұқараға арналған тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру секілді жұмыстарды бастайтын кез жеткенін аңғартты», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Атап өтуіміз қажет, шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беру еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шекаралық аудандарда халықтың тұрақтауын ынталандыратын болады, ішкі көші-қонды реттеу және еңбек ресурстарын тиімді пайдаланудың құқықтық тетіктерін белгілейді. Жаңа заңда шекаралық аймақ саналатын елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсарту бойынша шаралар қабылдау, жұмыссыздық деңгейін төмендету, көлік қатынасын жолға қою, жол сапасын жақсарту, экономикалық белсенділікті қамту, мемлекеттік қолдауды күшейту, инженерлік инфрақұрылым сапасын арттыру, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын, тағы басқа көптеген басымдықтар айқындалып, құқықтық реттеу тетігі белгіленетін болады.

Жиында Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ғани Құрманбайдың хабарламасы тыңдалып, аудандағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы сараланды. Ауданда ауыз су мәселесі 100 пайызға, газбен қамту 99 пайызға шешілгенін айтып, мектептер құрылыстары, жол салу бастамалары белгіленген жоспар бойынша атқарылып жатқанын мәлімдеді. Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев ауданның жалпы аумағы 114 мың гектарды құрайтынын, халық саны 240 мың адамға жеткенін айтты.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар