«AMANAT» партиясы: ҚАРАСУДА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасыда бұқаралық спортты дамыту бағытында бірқатар маңызды индикаторлар белгіленіп, ауыл аймақтарда дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарын салу жоспарланған еді. Жуырда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені Сайрам ауданының Қарасу ауылында пайдалануға берілді.

Әлеуметтік маңызы бар нысанның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді. «– Өңірде әлеуметтік нысандардың саны артып келеді. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Жаңа спорт кешені ауданның спорт саласының дамуына серпін береді деп ойлаймын. Осы ғимараттан ел чемпиондары шыға берсін!», – деді өңір басшысы.

Атап өтуіміз қажет, партияның кешенді жоспарына енген, партиялық бақылау құрылымдарының, облыстық және аудандық мәслихаттардағы партиялық фракция депутаттарының айрықша назарына алынған нысан құрылысының барысы аманаттық өкілдердің жүйелі қадағалауында болды. Құрылыс барысындағы түйткілдер облыстық партия филиалы жанындағы кеңестерде қаралып, кешен құрылысын мерзімінде аяқтауға байланысты бірқатар маңызды шешімдер қабылданған болатын.

Ғимараттың ашылу салтанатында ауыл ақсақалы Ә.Байназар, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушы, даңқты бокс бапкері М.Айтжанов сөз алып, Мемлекет басшысының және облыс әкімдігінің қолдауына алғыстарын білдірді. Іс-шараға “AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов қатысты.

Кешен құрылысын Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен «НурТехСервис» ЖШС-гі жүргізді. Ғимарат Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферт есебінен бой көтерді. Екі қабаттан тұратын нысанның жалпы аумағы 646 м2 құрайды, кешен 3,2 гектар аумақта орналасқан.

Нысанда спорт залдар, жаттығу залы, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері қарастырылған. Қызметкерлерге арналған кабинеттер, дәрігер кабинеті, процедуралық бөлмелер жабдықталған. Кешенде жастардың гандбол, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, гимнастика, жеңіл және ауыр атлетикамен шұғылдануына барлық қажетті мүмкіндіктер жасалған.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар