ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ БЕЛСЕНДІ ҚЫЗМЕТІН ҚАМТУ МАҢЫЗДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөрееваның жетекшілігімен бүгін облыстық партия филиалында Түркістан қаласындағы іскер қыз-келіншектермен кездесу өтті. Облыс орталығының беделді ортасын түзіп отырған бұл әйелдер түрлі салада еңбек етіп, қоғамның дамуында алғы шепте қызмет етіп жүр. Белсенділігімен көзге түскен қыз-келіншектердің қатарында білім беру, денсаулық сақтау, инклюзивті ортаны дамыту, кәсіпкерлік, қаржы саласы, азаматтық сектор, әлеуметтік, тағы басқа салалардың өкілдері бар.

Жиынның мақсатына тоқталған Қалыйма Жантөреқызы, Әйелдер қанатының мақсат-міндетін атап өтті. Әйелдер құқықтарын қорғауда елімізде іргелі өзгерістер жасалғаны туралы айтылып, бүгінгі өзгерістер – ертеңгі ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам деп бағаланды.

«- Әйелдердің саясатқа, экономикаға және білім саласына белсенді қатысуы қалыпты құбылысқа айналуда. Әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайту, олардың құқықтарын қалпына келтіру, саламатты ана, салауатты ұрпақ тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды ілгерілетуде партиямыздың жанынан Әйелдер қанаты құрылып, оның қызметін ұйымдастыру 10 негізгі бағыт бойынша қолға алынды. Облысымызда Әйелдер қанатының жұмысын ілгерілету ісі өзіме сеніп тапсырылып, 10 негізгі бағытқа жауапты белсенді әйелдерді бекіттік. Қызмет арнамызда жаңадан қабылданып жатқан заң жобаларына сараптама жүргізіп, қосымша ұсыныстарымызды білдіреміз. Біздің берген ұсыныстарымыз «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң нормасының жаңа редакциясында ескерілді», — деді Қалыйма Жантөреқызы.

Сондай-ақ жиын барысында Қ.Жантөреева облыстық мәслихат депутаты ретінде көтерген бастамалары туралы мағлұмат беріп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалар құқықтарын қорғау, әйелдер көтеріп жатқан өзекті мәселелердің шешім табуы сынды жұмыс бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардан мағлұмат берді. Түркістан қаласында облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ғимарат мәселесі, Қарнақ ауылында мәдениет үйін салу, Байылдыр елді мекенінде жол салу, Кентау қаласындағы №5 Жылу энерго орталығын жаңғыртуға қаржы бөлу, тағы басқа мәселелер бойынша жолдаған депуттатық сауалдарының оңды нәтижелерімен бөлісті.

Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында әйелдердің қоғамдық бастамаларына қолдау көрсету, Әйелдер қанатының 10 бағыты бойынша атқарылатын жұмыстарға түркістандық қыз-келіншектерді белсенді тарту, қыз бала тәрбиесі, отбасы тәрбиесін ұлттық құндылықтар негізінде ілгерілету, жас буынды адал еңбекке тәрбиелеу мәселелері кеңінен қозғалды. Жас өскінге жыныстық тәрбие берудегі олқылықтар сөз болып, ерте жүктіліктің алдын алуда қоғам болып іс-қимыл жүргізудің маңыздылығы айтылды. Әйел денсаулығын сақтау, скринингтік тексерулерді кешенді түрде жүргізу, гинекологиялық және онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтаудың артықшылықтарына баса мән берілді. Ауыл-аймақ тұрғындарының денсаулығын бақылауда «Дәрігерлер керуенін» жасақтаудың тиімділігіне назар аударылды. Әйелдердің саясатқа араласуын, олардың арасында көшбасшы қасиетке ие қыз-келіншектерді анықтау мейлінше қолдау көрсету жайы сөз болды. Психолог мамандардың кәсіби дайындығын зерделеу уақыт күттірмейтін қажеттілік деп бағамдалды.

Жиын барысында айтылған барлық ұсыныстар Әйелдер қанатының алдағы жұмысына бағдар болып, оның қоғамдағы белсенділігін арттырады деген сенімдеміз.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар