«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалына жерге қатысты базынасын айтып, Төлеби ауданы, Киелітас ауылдық округі, Достық елді мекенінің бір топ тұрғындары келгені туралы партия филиалының ресми парақшасында ақпарат жариялаған болатынбыз. Ауыл азаматтары білдірген арызды негізге алған партия өкілдері, «Жер аманаты» жобасы аясында көтеріліп жатқан мәселенің байыбына бару үшін, шағымда көрсетілген жерді жауапты азаматтармен бірлесе барып танысқанын да хабарлаған едік.
Көтерілген мәселе бойынша толыққанды зерделеу жұмыстарын жүргізу керек деп байыпталды. Жуырда облыстық партия филиалының бастамасымен жауапты өкілдер аталған мәселе бойынша тұрғындармен кездесу өткізіп, тең диалог, өзара жауапкершілік және шешімдерді бірлесіп іздеу нәтижесінде сындарлы келісімге келді. Азаматтармен кездесуге партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Ғалымжан Елшібай, Ханай Әшірбеков, облыстық партия филиалының заңгері Нүркен Естебеков, партияның Төлеби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров, прокуратура органдарының, облыстық жер инспекциясының, жер қатынастары және құрылыс-сәулет бақылау басқармаларының, төтенше жағдайлар қызметінің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, аудан әкімдігінің тиісті құрылымдарының, Арал-Сырдарья бассейндік инспекциясының өкілдері келіп, көтерілген мәселе бойынша объективті бағасын берді және азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, қос тарапқа да тиімді шешім жобасын ұсынды.
Партиямыз биліктің барлық тармағымен және азаматтармен өзара іс-әрекет ету, сонымен қатар мүдделер теңгерімін қамтамасыз ете отырып, ең тиімді деген шешімнің қабылдануына ұйытқы болды. Уәкілетті мемлекеттік органдар және аудан әкімдігінің жауапты өкілдері ауыл азаматтарына бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін жалпыға ортақ пайдаланымдағы жер ретінде, ауыл іргесінен арнайы жер қарастырып беретін боп шешілді.
Осылайша, «AMANAT» партиясы өз халқы үшін ашық мемлекет, мемлекеттік саясатты іске асыру үшін халық алдында жауап беретін билік принципін орнықтырып отыр. Халыққа қажетті негізгі шешімдер ортақ пікір негізінде және қоғамдық мүдделердің кең ауқымын ескере отырып қабылданатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының баспасөз қызметі