«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева Түркістан қаласында партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасының маңызды тармақтары болып енген нысандардың құрылыстарын зерделеп, мердігер ұйымдардың өкілдерімен атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады. Қала аумағындағы нысандар дайындығы туралы партияның Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Таштеев, партияның қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Бегахмет Абусейітов, бірқатар қалалық мәслихат депутаттары ақпар берді.
Партия өкілдері алдымен заманауи үлгідегі жаңа ипподром құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 99 гектарды құрайтын көпфункционалды кешен құрылысының бүгінгі таңда ІІ-кезеңі қарқынды жүргізілуде. «ВД Строй инжиниринг» ЖШС-гі салып жатқан нысанда бәйге жолының ұзындығы 4 шақырымды құрайтын болады. Кешенде 1500 орындық ашық трибуна, 120 орындық жабық манеж, 100 бас жылқыға арналған ат тұрақтары, жаттығу алаңдары салынбақ. Мұнда ат спортын жаны сүйетін көрермендер үшін барлық қолайлы мүмкіндіктер түзілмек. 2024 жылғы қазан айында басталған құрылыстың барлық сатылары 2026 жылдың қаңтар айында толықтай аяқталады деген жоспар бар.
Партия бекіткен Сайлауалды бағдарламаның маңызды тармағы ретінде енген тағы бір нысан – спорт кешендері бар ескек есу каналының құрылысы. Көпфункционалды кешеннің бірінші кезеңі бойынша құрылыстар аяқталған, қазір – екінші және үшінші кезеңдегі жұмыстар қатар атқарылуда. Нысанның құрылысы облыс әкімінің ерекше бақылауына алынған, құрылыс жұмыстарының барысы, өндірістік кестенің сақталуы жүйеленген. Жаңарған Түркістанның келбетін айшықтайтын бұл нысан қаланың сәулеттік көркін ашумен қатар, туризмді дамытуға, қаланың қолайлы микроклиматын қалыптастыруға ықпал ететін болады. Ескек есу және байдарка спорты бойынша халықаралық стандарттарға сай болатын бұл кешеннің аумағы 100 гектарды құрайды. Каналдың ұзындығы 2,2 шақырымнан асып, ені 260 метрді құрайтын болады. Құрылысқа жауапты мердігер ұйым – «Қаратас майнинг» ЖШС-нің жоба жетекшісі Серік Саяттың айтуынша, құрылыстың барлық кезеңі белгіленген мерзімде аяқталады, құрылысқа жұмылдырылған жұмысшылар ресурсы мен техникалар жеткілікті, қиындық тудырып жатқан өзекті мәселелер жоқ.
Облыстық партия филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Түркістан қаласы әкімдігінің тапсырысымен Бекзат шағын ауданында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын да зерделеді. Қаланың шеткі аумағында М.Мақатаев көшесінде салынып жатқан бұл нысан бұқаралық спорт дамытуға серпін беріп, балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етпек. Құрылыс жұмыстары аяқталу сатысына келіп жеткен кешеннің жалпы көлемі 858 шаршы метрді құрайды. Мердігер ұйым – «VEK Stroy» ЖШС-гі өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары өткен жылғы 30 мамырда басталған, қазір спорттық жабдықтарды орнату, кешен айналасын ретке келтіріп, абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
Ғимарат құрылысымен танысып шыққан партия өкілдері, мердігер ұйым өндірістік кестеден кешеуілдеп жатқаны туралы қатаң ескерту жасады. Балалар жазғы кезеңде, оқу жылы басталмас бұрын спорттық секцияларға жазылып, жаттығуларын өткізуі керек екеніне назар аударды. Анықталған барлық кемшіліктерді қысқа уақыт ішінде реттеп, барлық қажетті спорттық жабдықтарды толық орнатып, пайдалануға тапсыруды жүктеді. Кешеннің пайдалануға берілуін аманаттық өкілдер жіті қадағалауында ұстайтыны айтылды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының баспасөз қызметі