Парламент: Дәрігер қауіпсіздігі мемлекеттік саясатта басымдыққа ие

Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының көпсалалы ауруханасында болып, мекеме басшылығымен және ұжымымен кездесті. Сенатор өткен парламенттік сессияның қорытындылары және дәрігерлерді әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған заңнамалық бастамалар туралы айтып берді.

Кездесуде медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударылды. Сенатор медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазаны қатаңдату жөніндегі Парламент депутаттарының, дәрігерлер қауымы мен азаматтардың заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын Мемлекет басшысы қолдағанын атап өтті. Сенатордың айтуынша, медицина қызметкерлерінің денсаулығына зиян келтіретін мұндай оқиғалардың жолын кесу керек.

«Дәрігерлер қауымы күн сайын адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етеді, олар құрмет пен қолдауға және қорғауға лайық екені ақиқат. Оларға деген кез-келген агрессия көрінісі бүкіл қоғамның топтаса әрекет етуін қажет етеді. Еліміздің Президенті дәрігер қауіпсіздігі басты назарда болатыны туралы ұстанымын нақты атап өтті. Ондай жағдайды «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша заңға сәйкес қатаң түрде жолын кесу керек. Азаматтық қоғамның пікірін міндетті түрде ескере отырып, медицина қызметкерлерін қорғаудың құқықтық тетіктерін күшейтуге бағытталған ұсыныстарды одан әрі мұқият қарастыруға ниеттеніп отырмыз», — деді Руслан Рүстемов.

Сенатор сонымен қатар аудандық мәслихат депутаттарымен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, азаматтардың өтініштері мен нақты ұсыныстарын тыңдады. Әңгіме қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді шешу бойынша бірлескен қадамдар белгіленді. Руслан Рүстемов сондай-ақ Байкенже ауылдық округі мен Билібай ауылында болып, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, жолдардың жай-күйі және сумен жабдықтау сияқты маңызды тақырыптарды тұрғындармен бірге талқылады.

Сенаттың Баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар