«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында жартыжылдықтың қорытындысы қаралып, онда аумақтық партия филиалдарына Сайлауалды бағдарламаны орындау, партиялық жобаларды іске асыру, бастауыш партия ұйымдарының жұмыс белсенділігін қамту, фракция депутаттарының партиялық міндеттер шеңберіндегі жұмыс тиімділігін арттыру, қоғаммен кері байланысты нығайту, медиа кеңістікте проактивті қызметте болу бағыттары бойынша жүйелі шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Партиялық қызметті азаматтардың нақты қажеттіліктері мен сұраныстарына жауап беретін бейінде ұйымдастырып, жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды жүзеге асыруда ұлт болып ұйысатын, жұрт болып жұмылатын азаматтық жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастыру міндеті жүктелді.
Партиялық жұмыстың белсенділігін қамту шеңберінде берілген тапсырмалар Шардара аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті жұмыс мәжілісінде қаралды. Партияның Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет партия қабылдап, айқындаған басымдықтар, мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық жоспарлардан туындайтынын айта отырып, олар әр азаматтың, әр отбасының өміріне тікелей әсер ететін нақты шараларды қамтитынын түсіндіріп өтті. Оларды іске асыруда партияның ең әлеуетті күші – мәслихат депутаттарына үлкен сенім артылғанын жеткізді.
«- Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының тармақтары – сайлаушылар білдірген сұраныстардың негізінде бекітілген. Тармақтардың орындалуын үйлестіріп, уәдеде тұру, халықтың сенім үдесінен шығу – партияның да, сол партияның сенім мандатын иеленген депутаттың да басты міндеті. Біздің адал еңбегіміздің, төккен теріміздің өтеуі болатынын жадымыздан шығармайық. Жол картасының орындалуын ең әуелгі қызметтік борышымыз деп біліп, бізге сенім артқан сайлаушыларымыздың алдында атқарған жұмыстарымыз, баянды бастамаларымыз туралы жүйелі есеп беруді қолға алайық. Ол үшін әрбір фракция мүшесі өздері сайланған аумақтар бойынша бастауыш партия ұйымдарына барып, партия белсенділерімен, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізуді, азаматтардың өзекті мәселелері бойынша қоғамдық қабылдаулар өткізуді қолға алуы тиіс», — деп атап өтті Ережеп Құдайбергенұлы.
Фракция отырысында Жол картасы тармақтарының орындалуы қаралып, фракция мүшелерінің бастауыш партия ұйымдарымен ықпалдастығы сараланды, Шардара аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жұмыс көрсеткіштері таразыланды, «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», тағы да басқа партиялық жобалардың орындалуы сөз болып, олар бойынша фракция мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салды. Мәслихат депутаттары білдірген ұсыныстардың тиімділіктері облыстық партия филиалы тарапынан зерделенетін болады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының баспасөз қызметі