Қазақстанда балабақшаға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Бұл, бір жағынан, халық санының өсуімен, екінші жағынан ата-аналардың балаларын ерте жастан сапалы біліммен қамтамасыз етуге ұмтылысымен байланысты. Дегенмен, елімізде мектепке дейінгі ұйымдардың жетіспеушілігі мен ондағы тәрбие сапасына қатысты түйткілдер әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Осы өзекті мәселелер «AMANAT» партиясы жанындағы білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында қаралды.
Отырысқа Кеңес төрағасы – Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаттары Қайрат Балабиев, Гүлдара Нұрымова, Екатерина Смолякова, Ирина Смирнова, Кенжеғұл Сейітжан, Максим Рожин, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, министрліктің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова қатысты. Сонымен қатар онлайн форматта облыс әкімдерінің орынбасарлары мен өңірлік білім басқармаларының басшылары қосылды.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова отырыс басында сөз алып, балабақша саласындағы басты мәселе – тек орын тапшылығы емес, сонымен қатар балалар үшін қауіпсіз әрі дамытушы орта қалыптастыру екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттырып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасауды бірнеше рет тапсырған болатын. Бұл – бәріміздің ортақ міндетіміз. «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында осы саладағы нақты шаралар қарастырылған. Бүгінде елімізде балабақша жетіспеушілігімен қатар, тәрбиешілердің кәсіби дайындығы мен балаларға жасалатын қауіпсіз орта мәселесі өткір тұр», – деді ол.
Жиын барысында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова қазіргі ахуалға жан-жақты тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінде ел аумағында 11,8 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 5 456-сы – мемлекеттік, 6 400-і – жекеменшік. Онда 1,4 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Ал мектептер мен лицейлер жанындағы мектепалды даярлық топтарында 165 мың бала оқуда. Жалпы 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі – 92,2%-ды құрайды. Алайда бұл көрсеткіш жоспарланған 95%-дан төмен.
«Тек үш өңір ғана жоспарды толық орындаған. Олар – Жетісу (97,7%), Маңғыстау (94,2%) және Атырау облыстары (87,5%). Ал кейбір өңірлерде қамту көрсеткіші айтарлықтай төмен. Мысалы, Шымкент қаласында бұл көрсеткіш – 84,2%, Алматыда – 87%, Астанада – 88,4%. Ең төмен қамтылған өңірлердің қатарында Қызылорда (84,3%), Батыс Қазақстан (88%) және Абай облыстары (90,9%) да бар», — деді ол.
Министрліктің деректеріне сүйенсек, 2023 жылы 613 жаңа балабақша ашылған. Оның ішінде тек 15-і ғана мемлекеттік, қалған 598-і – жекеменшік. Бұл 66 879 жаңа орынмен толыққанымен, 9 өңір өз міндеттемесін орындай алмауына байланысты жоспар 100% орындалмады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан бекітілген 2023–2027 жылдарға арналған Қадамдық жоспар бар. Бірақ оны іске асыруда нақты бақылау мен үйлестіру жетіспей отыр.
Сонымен қатар жиын барысында тағы бір өзекті мәселе сөз болды. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тәрбиешілердің, әсіресе көмекшілердің бүлдіршіндерге айғайлап, қол көтеріп жатқан бейнежазбалары жиі таралуда. Бұл қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.
«Өкінішке қарай, тәрбиешілер тарапынан бүлдіршіндерге қол көтеру фактілері азаймай отыр. Әсіресе әлеуметтік желілерде тараған бейнероликтерде мұндай әрекеттерге тәрбиешілердің көмекшілері жиі баратыны байқалады. Бұл санаттағы қызметкерлер педагог емес, олар арнайы даярлықтан өтпеген. Сондықтан біз бірінші кезекте олар үшін қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастырып, ай сайынғы нұсқаулық жұмыстарын күшейтуді ұсынып отырмыз», – Оқу ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манара Адамова.
Жиын соңында кеңес мүшелері мектепке дейінгі білім беру саласындағы түйткілдерді шешу бойынша бірқатар ұсыныстар әзірледі. Хаттама негізінде ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.