

Түркістан облысы Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін ірі крахмал-сірне зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің бір арнада тоғысып, жаңа экономикалық дәуірдің басталуы. Зауыт толық қуатына шыққанда 550 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бұл – Шардара ғана емес, бүкіл оңтүстік өңір үшін үлкен әлеуметтік серпіліс.
Кешенде өндірілген өнімдер – крахмал, сірне, глюкоза, мальтоза шәрбаты, жүгері майы, глютен, құрама жем – тек Қазақстан нарығына емес, Азия мен Еуропа елдеріне де экспортталады. Осылайша Түркістан облысы еліміздің экспорттық хабына айналуға тағы бір қадам жасады. Қазірдің өзінде мұнда 250-ге жуық жергілікті тұрғын зауыт құрылысында еңбек етіп жатыр.
Бұл жобаның іске асуы өңірдің ауыл шаруашылығына жаңа тыныс берді. Шаруалар енді мақтамен қатар жүгері егуді жолға қойды. Себебі зауыт толық қуатқа шыққанда аймаққа жыл сайын 150 мың тонна жүгері қажет болады. Яғни, әрбір гектар жер – енді табыс көзі.
«Казкрахмал» ЖШС өндірісі – заманауи технологиямен жабдықталған, ГМО-сыз таза жүгері пайдаланылады, ал қалдықтардан тыңайтқыш пен жем дайындалады. Яғни, жерге де, елге де пайдасы мол қалдықсыз өндіріс. 2023 жылы басталған құрылыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде – қабылдау, кептіру, сақтау жүйесі іске қосылды. Қазір екінші кезең – терең өңдеу желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
2025 жылы зауыт толық қуатымен жұмыс істемек.
Бұл – жай зауыт емес. Бұл – жергілікті ауылдан халықаралық нарыққа жол ашқан “алтын көпір”. Шардара жүгеріден – өнім, өнімнен – экспорт, экспорттан – елге пайда жасаудың жаңа дәуіріне қадам басты. Бұл – Түркістанның дамушы өңір ғана емес, инновациялық өндіріс орталығы екенін дәлелдейтін ірі жоба.
