
Қызылордада Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті: Президент ел дамуының жаңа саяси бағытын айқындады
Бүгін Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Маңызды жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, еліміздің алдағы даму жолына қатысты бірқатар стратегиялық бастамалар мен саяси ұсыныстарын ортаға салды.
Президент өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың ел тарихында айрықша орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, қысқа уақыт ішінде ел үшін маңызды әрі ауқымды жұмыстар атқарылған.
«Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады. Біз аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқардық. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бірге қаладық. Сіздер еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани болмысын өзгерту жолында зор еңбек еттіңіздер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы алда атқарылатын жұмыстардың әлі де көп екенін айтып, ел болашағын айқындайтын маңызды кезеңнің енді басталып жатқанын жеткізді.
«Қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек», – деді Президент.
Жаңа Парламент – «Құрылтай»
Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөнінде ұсыныс айтты. Президент бұл атаудың халқымыздың ұлттық санасында терең мағынасы бар екенін атап өтіп, оны жақсы нышанға балауға болатынын жеткізді.
Сонымен қатар, жаңа Парламенттің мандат саны 145 депутаттан тұратыны айтылды. Президент Парламенттің құзыретін кеңейту туралы да нақты ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, жұмыс тобы:
- Конституциялық сот,
- Жоғары аудиторлық палата,
- Орталық сайлау комиссиясы құрамын жасақтау,
- Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру мәселесін қарастыруды ұсынды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Парламентке өту үшін бес пайыздық межені сақтау қажет екенін атап өтті.
Әділ саясат және ұлттық қауіпсіздік
Президент Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымына да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, еліміз жауапкершілігі жоғары «орта держава» ретінде әділ әрі түсінікті саясатты ұстануды жалғастырады.
«Қазақстан — жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет. Біз баршаға түсінікті, яғни ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз. Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді — Қазақстанның жер тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент үшін тәуелсіздік ең қымбат құндылық екенін атап өтіп, бұл ұстаным мерейтойлық ұран емес, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ұлттық стратегияның негізгі қағидасы екенін баса айтты.
«Тәуелсіздік дегеніміз — ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім», – деді Мемлекет басшысы.
Ел бірлігі – басты құндылық
Қорытынды сөзінде Президент Қазақстан халқын ел бірлігін сақтауға, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндет ретінде қабылдауға шақырды.
«Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық құрылтайдың V отырысы ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, саяси реформалар мен мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған маңызды бастамалармен есте қалды.
