Бүгін елорда тұрғындарымен кездескен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңы аясында қанша адам банкроттық рәсімдейтінін айтты.
«Осы заң щеңберінде банкроттық рәсімдейтіндердің жалпы саны 1 млн 170 мыңнан асуы мүмкін. Біздің бағалауымыз бойынша олардың 1 млн 40 мыңы соттан тыс, ал 36 мыңнан астамы немесе 40 мыңға жуығы сот банкроттығына жүгінеді. Бұл — болжамға сәйкес күтілетін ең көп көлем», — деді вице-министр.
Сонымен қатар ол азаматтарды банкрот деп тану – қарызды кешіру акциясы емес екендігін айтты.
«Банкроттық — әр азаматтың еркімен жүзеге асырылады. Мысалы, үшінші жақтағы тұлғалар өзге адам үшін банкроттықты қозғай алмайды. Бұл тек әр азаматтың еркі болуы керек. Себебі, банкроттық деген қарызды кешіру акциясы емес. Оны азаматтар түсінуі қажет. Өйткені, оның заңмен реттелетін өзінің салдары бар. Банкрот деп танылған адамдар 5 жыл несие ала алмайды. Сонымен бірге, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп тануға жатпайды», — деп атап өтті Ержан Біржанов.