«Мектепке жол» республикалық акциясы басталды

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түркістан облысы білім басқармасының бөлім басшысы Айгүл Қасымбекова БАҚ өкілдеріне брифинг берді.

«Мектепке жол» акциясы биыл «Жақсылықты жаса» ұранымен басталып, еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өтеді.

– Әрбір азамат акция аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындау үшін атаулы көмек көрсетуде белсенділік таныта алады. Балалардың мектепке жолы қуанышты болуы үшін балаларға шынайы қамқорлық пен назар аудару қажет. Акцияны ұйымдастырушылар қатарына ҚР Оқу-ағарту министрлігі, облыстардың (қалалардың) әкімдіктері, білім басқармалары, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер және кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссиялардың мүшелері, басқа да мүдделі тараптар кіреді. Биыл жалпыға міндетті білім қоры есебінен 32 мыңнан аса балаға 40 567 теңге көлемінде көмек көрсетіледі, — деді Білім басқармасының кәмелетке толмағандарды әлеуметтендіру бөлімінің басшысы.

Брифингте белгілі болғандай аудан, қала әкімдіктері «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында, сондай-ақ, мектеп формасы мен оқу құралдарын халыққа қол жетімді бағада ұсыну үшін жәрмеңкелер өткізеді. Бұл туралы брифингке қатысқан Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбай мәлімдеді.

Қазіргі таңда 2023 жылдың тамыз айында «Атамекен» ҰҚП-ның мектеп тауарларын өндіретін кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізілді. Осы ретте мектеп формасына қатысты бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 17 аудан, қала әкімдіктерінің шалғай ауылдарында «Мектеп жәрмеңкесі» өткізілмек.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар