Бүгін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында Төлеби ауданының білім бөлімінде шынайы мейірімділіктің, қамқорлықтың лебі сезілген керемет іс-шара ұйымдастырылды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевтың, Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаевтың, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаевтың, басқа да бірқатар азаматтардың, әлеуметтік педагогтардың, балалардың қатысуымен өткен аталмыш шара барысында әлеуметтік статусқа ие 100 төлебилік оқушыға белгілі кәсіпкер, меценат, Төлеби ауданының Құрметті азаматы Бегалы Рыспаевтың қаржысына алынған, қажетті оқу құралдары салынған оқушы сөмкелері таратылды. Бір айта кетерлігі, жаны жайсаң, жүрегі кең, жомарт жан Бегалы Шералыұлы былтыр да аталмыш акция аясында төлебилік оқушыларды мектепке дайындауда көмек көрсеткен болатын.
Жомарттық танытқан кәсіпкерге аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Адамбекұлы былайша алғыс айтты:
— Құрметті Бегалы Шералыұлы! Сіз бүгін балалардың да, ата-аналарының да жүрегіне жылу сыйлаудасыз. Осындай игі іс атқарып отырғаныңызға дән ризамыз. Сізді жаны ізгілікті сүйетін азамат деп білеміз. «Жақсылық жаса!» ұранымен өткізіліп жатқан биылғы «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларды мектепке дайындауға көмек көрсетуде белсенділік танытып, шынайы қамқорлықты сездіргеніңізге алғысымызды білдіреміз! Болашағымыз – жас ұрпақтың мерейін өсіріп, олардың ертеңгі күнге деген сенімін бірге нығайта берейік.