“Halyk” банкі бірінші сынып оқушыларына кеңсе заттары толы сөмке сыйға тартты

Жаңа оқу жылы қарсаңында бүкіл ел бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 2500-ден астам оқушы Halyk-тан оқу керек-жарақтары бар мектеп портфельдерін сыйлыққа алуда, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

Halyk жыл сайын ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, білім басқармаларының және жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) қолдауымен өз бастамасы бойынша «Мектепке жол» республикалық акциясын қолдайды.

Биыл банкке 100 жыл толады және мерейтойды мерекелеу аясында Halyk Қазақстанның 25 өңірі мен қалаларындағы бірінші сынып оқушыларына мектепке керек-жарақтардың толық жиынтығы мен ортопедиялық рюкзактарды сыйға тарту туралы шешім қабылдады.

«Біз жыл сайын осы «Мектепке жол» ізгі акциясына қатысуды дәстүрге айналдырдық. Балалардың жаңа оқу жылына толық дайын болуы біз үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, баланы бірінші сыныпқа дайындауға бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. 100 жылдық мерейтой және «100 игі іс» науқаны аясында біз әлеуметтік осал отбасылардан шыққан бірінші сынып оқушыларына өмірдегі маңызды кезеңдердің бірі – оқуға көмектесетін мектеп жиынтықтарын сыйлауға шешім қабылдадық. Мұндай сыйлықты жасағанда біз оқушылардың оқу керек-жарақтарына деген қажеттіліктерін ескердік және рюкзакты арқалау кезіндегі баланың денсаулығына үлкен мән бердік. Біз таңдаған ортопедиялық сөмкелер арқа мен иыққа салмақтың біркелкі түсуін, сондай-ақ арқада жайлы тұруын қамтамасыз етеді. Біз балалардың сабақты ынтамен оқуын және бұл үшін қажеттінің барлығы болғанын қалаймыз, — деп атап өтті банктің баспасөз қызметі.

Halyk-тың ортопедиялық рюкзактар мен қажетті кеңсе тауарларынан (дәптер, қалам, қарындаш және т.б.) тұратын мектеп жиынтықтары жергілікті атқарушы органдар мен білім басқармалары ұсынған тізімдерге сәйкес бөлінеді.

Тамыз айының соңына дейін әлеуметтік осал отбасылардан шыққан бірінші сынып оқушылары бүкіл Қазақстан бойынша банктің 25 облыстық және өңірлік филиалдарында сыйлық жиынтықтарын ала алады.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар