ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Абай облысында ХХIV республикалық Абай оқуларында Түркістан облысының 2 оқушысы жүлделі ІІ орынды алды.
Ұлы Абайдың 221 өлеңін жаттап Мақтааралдық оқушы топ жарды. Бұдан бөлек, Республикалық кезеңге Түркістан облысы атынан қатысқан тағы бір оқушымыз да жүлделі орынға ие болып қуантуда. Өңіріміздің намысын қорғап, жеңімпаз атанған қатысушыларымызбен таныс болыңыз:
Басымбек Айдана, Мақтаарал ауданы, «Өлең сөздің патшасы сөз сарасы» бағыты бойынша ерекше көзге түсті.
Орынбай Жақсыкүл, Қазығұрт ауданы, «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» бағыты бойынша үздіктер қатарынан көрінді.
Жарысқа қатысушылар «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Көңілімді ұғады», «Жүйрік он жүйрік озар жарысқанда», «Ұлы» атты алты номинация бойынша бақ сынайды. Басты шарт – жарысқа қатысушылар ақындардың барлық шығармаларын жатқа айтуы.
Айта кетерлігі, қазылар алқасы қатысушылардың Абайдың қарасөздерін толық білуі, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай және Мағауия Абайұлдарының шығармаларын жатқа оқуын бағалады. Сондай-ақ, ақындардың рухани болмысына эссе жазу, шығарма мәтіндерін мәнерлеп айту, толық білуі бойынша бірнеше критерийлер қолданылады.
Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен және грамоталармен, сонымен қатар, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Абай Құнанбаевқа арналған шығармашылық байқау үш күнге созылды. Салтанатты марапаттау рәсімі Жидебайда «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің базасында өтті.
Жеңімпаздарымызды жүлделі орындарымен құттықтаймыз!!!