200 мыңға жуық оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі

Түркістан облысында 200 мыңға жуық оқушы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Жыл соңына дейін оған облыстық бюджеттен 6,2 млрд. теңге қаржы қаралды. 2024 жылдың қаңтарынан бастап, тегін ыстық тамақпен бастауыш сынып оқушыларын қамтамасыз етуге 16,9 млрд.теңге қаржы қажет. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған көшпелі брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы мәлімдеді.

“Ағымдағы жылы асханасы жоқ 110 мектепте оқушыны тамақтандыру мәселесі жақын орналасқан асханасы бар мектептер арқылы шешіледі. Сонымен қатар, ол мектептерге модульдік асхана орнату қарастырылуда. Қазіргі таңда, облыста 20 мектеп-интернаттағы тамақтандыру мәселесі мемлекеттік-жекешілік әріптестік шеңберінде оң жолға қойып, асханалардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Тамақ сапасы артып, оқушылар мен ата-аналар тарапы разылығын білдіруде. Осы 20 интернаттың ата-аналары өз баласының күнделікті тамақтануын онлайн режимде қашықтан қадағалауға мүмкіндік алды.

Биылғы жылы тағы да мемлекеттік-жекешілік әріптесік жобасы арқылы 18 мектеп-интернаттың мәселесін жыл соңына дейін шешіледі”, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ білім беру мекемелерінде балалар қауіпсіздігі күшейтіледі. Бұл мақсатта мемлекеттен 5,9 млрд. теңге қаржы бөлінді.

“Қауіпсіздікті 6 бағытта жүргізіп, мәселе �100% шешілуде. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамералар орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылады. Мемлекеттік 936 білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден және 700-ден жоғары 573 білім беру ұйымдары толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 179 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды. Санитарлық тораптары ретке келтіруі тиіс 115 мектепте қажетті жұмыстар атқарылды. Мектеп алды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылды”, — дейді Бейсенбай Дәулетұлы.

Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 1019 мектепте (оның: 907-мемлекеттік, 112-жекеменшік) 517 мыңнан астам оқушы білім алады. Облыс халқының 38%-ы балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар