Толерантты тіл саясаты – мемлекеттің этностық топтың тілдік өміріне бей-жай қарауымен ерекшеленеді. Толерантты тіл саясаты жеке тілдік мектептер сияқты мекемелерді кедергісіз дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының Конституциясы да, нормативті-құқықтық актілері де, Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы да толерантты ұстанымда. Қазір мектепке дейінгі білім қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр және ағылшын тілдерінде жүргізілсе, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде беріледі.
Шектеулі тіл саясаты – заңнама негізінде этностық топ тілдерін қолдануға тыйым салады немесе шектейді. Этностық топ тілдері проблема ретінде қарастырылып, қолданыс аясы шектеледі немесе жойылады. Титулды ұлт тілінің үстемдігі орнайды. Кеңес үкіметі құрылған кезде этникалық топтардың көпшілігі қолданатын 193 тіл болса, 1937 жылға қарай 90-ға дейін қысқарған, 1988 жылы тек 39 оқыту тілі қалды. Осы уақыт аралығында қаншама тіл әлеуметтік өмірден біртіндеп жоғалып кетті?! Нөлдік тіл саясатының ерекшелігі этностық топ тілдерін айқын мойындамайды. Нөлдік тіл саясаты лингвистикалық әртүрлілікке әсер етіп, этностық топ тілдерінің мектептер мен қоғамдағы рөлін көрсетеді. Құқықтық тұрғыдан саясаттағы нөлдік ақиқаттағы шектеуші тіл саясаты болуы мүмкін, оның мақсаты – этностық топ тілдерінің қолданылуын шектеу.
Нөлдік тіл саясаты этностық топ тілдерін қолданушылардың ешбір қосымша көмексіз титулды ұлттың тілдік ортасына енуіне әкеледі. Репрессиялық тіл саясаты – этностық топ тілдерін жою бойынша белсенді әрекеттер жасаумен ерекшеленеді. 1930 жылдардың екінші жартысынан бастап Сталин санаулы баласы бар орыс ауылда орыс мектебін салды, қара домалағы көп қазақ ауылдарындағы қазақ мектептерін жапты. Сонымен қатар қазақ тілі идеологиялық шабуылдың өзегіне айналып, қазақ зиялы қауымы екінші қуғын-сүргінге ұшырауына себеп болды.
Олай болса, жоғарыда аталған бағыттардан тіл саясаты тілді тұншықтыра да алатынын, еркін дамуына жағдай жасай да алатынын түсіндік. Енді аз-кем жүзеге асу түрлеріне тоқталайық. Тіл саясаты жүзеге асу механизміне қарай «жоғарыдан төменге» немесе «төменнен жоғарыға» жүзеге асырылады. Қалыпты ұғымда тіл саясатын билік ұсынады, бұны ғылымда «жоғарыдан төменге» бағытталған тіл саясаты деп атайды. Яғни, белгілі бір басқару құрылымы, мемлекеттік билік органдары немесе жеке тұлғалар ұсынатын макро тіл саясаты. Қазақ тілінің жазу тарихындағы латын (1928 ж.) және кирилл (1940 ж.) графикасына негізделген әліпби реформасы – осының бір дәлелі. Ал қауымдастықтар жасайтын және оларға әсер ететін микро немесе қарапайым тіл саясатын «төменнен жоғарыға» бағытталған тіл саясаты деп атайды. Ұлт тарихынан үзінді келтірейік, тұңғыш баспасөз құралымыз – «Түркістан уәлаяті» газетінде (1870-1882 жж.) қазақ тілін таза сақтау туралы алғашқы мақалалар жарияланса, «Дала уәлаяті» газетінде (1888-1902 жж.) қазақ тілінің сол кезеңдегі ахуалы мен болашағы, қазақ жазуын жетілдіру жолдары сияқты мәселелер көтерілген. Мәселенің маңызын түсінген ұлт зиялылары тілдің құрылымдық жетілуіне, қызметтік дамуына және қолданыс аясының кеңеюіне мақсатты әрекет етті.
Бір ғана мысал, дәуір куәгері Абайдың Мағауияға жазған хаты (1896 ж.) мен Мүрсейіт (1905, 1907, 1910 жж.) көшірген қолжазбаларын тілдік тенденциялар тұрғысынан зерттесеңіз, жәдид жазуынан жаңа әліпбиге эволюция ұмтылысын байқайсыз. Ал осы процесті жетілдірген Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, сингармониялық ұлттық әліпби жасады әрі құзырлы орынның ешбір қаулы-қарарынсыз халықтық қолданысқа енгізді. Демек, «жоғарыдан төменге» немесе «төменнен жоғарыға» терминдері – тіл саясатын кім құрастырып, кім түсіндіріп, кім жүзеге асырып жатқанына байланысты салыстырмалы ұғымдар. Басқаша айтқанда, тіл саясаты жоғарыдан төменге де, төменнен жоғарыға да болуы мүмкін: ол бір уақытта жоғарыдан төмен «жасырын» және төмен-нен жоғарыға «ашық» жүзеге асуы да ықтимал. «Жасырын» мен «ашық» термині тіл саясатын жүзеге асыру құралы мен мақсатына қатысты айтылады.
Белгілі АҚШ ғалымы Д.Джонсон «жасырынды» макродеңгейде әдейі жасырған (алдамшы/көзбояушы) тіл саясаты немесе микродеңгейде әдейі жасырған (диверсиялық) тіл саясаты» десе, «ашықты» тіл саясатының мәтіні жазбаша немесе ауызша түрде көпшілік алдында көрсетіледі» деп түсіндіреді. Ғалым Е.Тоғжанов тіл саясаты заңдармен, кесімдермен, мемлекеттік бағдарламалармен бекіп, көрінеу жүргізілуі де, ресми заңнамасыз немесе ресми заңнамаға мән бермей көмескі жүргізілуі де мүмкін екенін айтады. Көрінеу тіл саясаты туралы мысалдар көп, ал көмескі тіл саясаты қатарына АҚШ-тағы ағылшын тілі, КСРО-дағы орыс тіліне қатысты саясатты жатқызуға болады. АҚШ-та ағылшын тілін ресми тілі деп жариялаған заңнамалық құжат жоқ, бірақ халықтық белгіленбеген ресми тіл. 1990 жыл «КСРО халқының тілі туралы» заңы қабылданғанға дейін КСРО-да ресми тіл болмады.
Орыс тілі ісқағаздардағы негізгі тіл болды. Пенсильвания университетінің профессоры Г. Шиффман «көрінеу» мен «көмескінің» айырмашылығы «ашық» пен «жасырынның» айырмашылығымен бірдей, белгілі бір тілдің ресми және бейресми қолданылуын сипаттау», – дейді. Мысалы, мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бірақ ресми жиналыстардың көп бөлігі бейресми тілде өтеді. Тель-Авив университетінің профессор Э.Шаухами «жасырын» терминін сахна артындағы, әсіресе (саясаткерлер) белгілі бір ниетпен әдейі жасырын түрде жүзеге асыратын тіл саясатын сипаттау үшін қолданады. Ал Г. Шиффман мұндай сипатты «жасырын» тіл саясаты туралы анықтамасында қостайды және жасырын тіл саясаты да диверсиялық болуы мүмкін екенін де атап көрсетеді.
Мысалы, белгілі бір топ немесе құрылымда ашық тіл саясатына жасырын белсенді түрде қарсы тұрады. Осылайша, жасырын тіл саясаты жоғарыдан төменге немесе төменнен жоғарыға бағытталған саяси процесс немесе ұйымдастырушылық іс-әрекет болуы мүмкін. Бірақ ештеңеге қарамастан, «көрінеу» мен «көмескі» дихотомиясын «ашық» пен «жасырын» дихотомиясынан ажырату пайдалы сияқты. Бұл саясаттың мақсатын ерекшелік ретінде пайдалану керектігін айтады, яғни «жасырын» түсінігі саяси мақсатын әдейі жасыру коннотациясына ие. Демек, жасырын тіл саясаты дегеніміз: 1) саясаткерлердің мақсаты әдейі жасырылған немесе бүркемеленген тіл саясаты; 2) диверсиялық жоспарлар немесе диверсия әрекеттері салдарынан көпшілікке жария етілмейтін тіл саясаты. Тілдік құқық пен тілдік тәжірибеде «заңды тіл саясаты» деп ресми түрде жазбаша түрде жазылған тіл саясатын атайды. Ал «нақты тіл саясаты» – мүлдем жоқ немесе заңға қайшы жасалған жергілікті саясат, заңда белгіленген саясатқа сәйкес келмейтін жергілікті тілдік тәжірибе. Нақты тілдік әрекет нақты тіл саясатының барын (немесе жоғын) білдіреді. Тіл саясатындағы тәжірибеге келетін болсақ, Марокконың ресми тілдері араб және бербер тілдері болып табылады. Бірақ әдеттегі тілдік тәжірибеде (тілдік білім беруді қоса алғанда) көптеген марокколық француз тілін қолданады. «Заңды» ұғымы «ашық» және «көрінеу» ұғымдарымен салыстыруға болады, яғни үшеуі де саясаттың «ресми» сипатын көрсетеді. Алайда тиісінше «нақты» ұғымы «жасырын» немесе «көмескі» ұғымдарымен бірдей мағынаға ие болмауы мүмкін. «Нақты» ұғымының тіпті дәстүрлі мағынада да «саясатқа» қатысы екіталай, заңды саясат қалай көрсетілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде не болып жатқанын білдіреді. Бірақ бұл жұп терминдер іс жүзіндегі тіл саясатының ресми, заңды түрде көрсетілген тіл саясатынан өзгеше екенін көрсетеді.
Берікхан Иісбекұлы, филология ғылымдарының докторы,
Шәкәрім университетінің ректор кеңесшісі