Созақ ауданы, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясында Қазақстан халықтары тілдері мерекесіне арналған «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы» тақырыбындағы онкүндік өтті. Ұжым мүшелеріне ой салған бұл игілікті іс «Мен елімнің болашағын қалай көремін және ол үшін не істей аламын?», тақырыбында Г.Петровтың «Ақ лалагүлдер мекені — Финляндия» кітабы бойынша оқырмандар конференциясы еркін әңгіме пікірталас ретінде ұйымдастырылды.
Конференция барысында «Г.Петровтың «Ақ лалагүлдер мекені — Финляндия» кітабы сізге қаншалықты ұнады?», «Снелманның әрекетін қалай бағалайсыз?», «Шығарманы оқу барысында таңғалдым», «Финляндия елі мен қазақ халқының ұқсастығын аңғардым» деген сұрақтарына жауап алынып, қай пікірдің көпшілікке ұнағанын анықтады. Келесі кезекте Финляндия елі бойынша дайындалған бейне баян көрсетіліп, Фин мектептеріндегі өзгеше 9 фактор жайлы таныстырылды.
Пікірлесудің келесі бөлімінде кітаптан берілген үзінділер бойынша «Ойлан, Жұптас, Бөліс», ПОПС формуласы әдістерімен оқырмандарға үзінділер беріліп, олар мәтін бойынша талдау жасады.
Оқырмандар «Қазақтың Снелманы», «Қазақстан мен Финляндия елдеріндегі білім беру мен тәрбиенің ұқсастығы мен айырмашылығы», «Елдің әл ауқатының дамуы мен бақыты кімнің қолында?» деген тақырыптарда постер қорғауда «Бес саусақ» әдісін, Венн диаграммасын, «ТТ» әдісін пайдаланып өте құнды пікірлерімен бөлісті.
Өз кезегінде ұжым мүшелері осындай игілікті шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пән әдістемелік бірлестігіне ризашылықтарын білдірді. Оқырмандар конференциясына қатысқан белсенді мұғалімдер ең бағалы сыйлық кітаптармен және «Кемел болашаққа бағыттаушы», «Рухани тізбек жалғаушысы», «Өмірден мән іздеген тұлға», «Аманат жүгін арқалаған ұстаз», «Жаңалыққа жаны құмар жан», «Қуатты ойдың иесі» атты номинациялармен марапатталды.