Түлкібаста «Ер есімі — ел есінде» атты патриоттық жиыны өткізілді

Қай дәуір, қай кезең болмасын артынан артынан өшпестей із қалдыратын тау тұлғалар болады. Сондай азаматтың бірі – Алмас Мақсұтұлы Тоғызбаев. Керейт ауылында дүниеге келген арда азамат орта мектепті тәмамдаған соң, әскер қатарына алынып, Латвия республикасында әуе-десант әскери күштерінің құрамында болды. Сол жылдары Таулы Карабах шиеленіс соғысқа қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсете білді.

1990 жылы туған жерге оралып, ұстазы әрі жетекшісі Исахов Шаймерденнің ұсынысымен Шымкент дене тәрбиесі техникумына оқуға түседі. Жастайынан спортқа құмар Алмас Мақсұтұлы студент кезінде облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанады. 1992 жылы оқу орнын үздік аяқтап, өзі туған ауылындағы Киров, қазіргі Ордабай Ағыбайұлы атындағы жалпы орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметіне кіріседі. Қаншама шәкірттері аудандық спартакияда жүлделі орынға ие болды. Өзі де мұғалімдер арасында өткізілген аудандық турнирде «Үздік қорғаушы» номинациясымен марапатталды. Бұдан да үлкен жетістікке ие болар ма еді, жасын ғұмыр құйрықты жұлдыздай ағып түсті. Артында жары, бес перзенті қалды.

Ерлік ешқашан ескерусіз қалмайды. Таулы Карабақ соғысында ерлік көрсеткен Алмас Тоғызбаевқа өзі оқыған, қызмет атқарған Ордабай Ағыбайұлы жалпы орта мектебінде ескерткіш тақта орнатылды. Ерлердің есімін ардақтау мақсатында 20 қыркүйек күні Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты О.Ағыбайұлы атындағы жалпы орта мектебінде аудандық көлемде ауқымды іс-шара өткізілді. Іс-шараға аудан, облыстан жауынгер ағалар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Алмас Мақсұтұлының бауырлары келді. Естеліктерін айтты. Сұрапыл уақыттағы қайғылы шежіре жаңғырығы халықтың зердесінде бағасы артып, уақыт алдыға жылжыған сайын жасаған ерліктің шоқтығы биіктей бермек.

Мұнан кейін ауылдық мәдениет үйінде «Ер есімі – ел есінде» тақырыбындағы салтанатты жиынға ұласты. Тоғызбаевтар әулетінің және Ордабай Ағыбайұлы жалпы орта мектебінің ұйытқы болуымен мешітте Алмас Тоғызбаевқа, Таулы Карабақ ұрыс – қимылдары құрбандарына арнап құран бағышталып, ас берілді.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар