Бүгінде елімізде жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Бұл істе, әсіресе мектеп пен колледж кітапханашыларының маңызды роль атқаратыны белгілі. Сондықтан қазіргі кезде білім беру мекемелеріндегі кітапханалардың жұмысына серпін беру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп жүр.
Сондай шаралардың бірі — Ленгір қаласындағы №7 IT мектеп-лицейінің базасында облыстық білім беруді дамыту орталығы мен Төлеби аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Заманауи кітапхана: мазмұн мен форматқа жаңаша көзқарас» тақырыбында өтіп жатқан кітапхана мамандарының облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы.
Конференция қатысушыларына алдымен төлебилік кітапханашылардың балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алған жобасы таныстырылып, қызықты кітап көрмесі, ерекше коворкинг бұрышы көрсетілді. Түске дейін жалғасқан конференцияның пленарлық отырысында түрлі өзекті тақырыптарда мазмұнды баяндамалар оқылды, құнды пікірлер тыңдалды, ұтымды ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қаламгер Төлен Әбдіктің «Оң қол» атты әңгімесі талқыланды. Талқылауға белсене қатысқандарға сыйға кітап берілді.