Арыс қаласының білім бөліміне қарасты Ж.Ташенов атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Санжар Махановтың басшылығымен және бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Гаухар Баймаханованың ұйымдастыруымен “Kitaplike” жобасы қазан айында іске қосылған болатын.
Оқушылардың телефонға тәуелділігін азайтып кітап оқуға шақыру мақсатында құрылған жобаға 80-ге жуық оқушы қатысты.
Қатысушылар жас ерекшелігі бойынша 3 топқа бөлінді. «Балбұлақ» тобы «Экософия немесе киелі табиғат» кітабын, «Ойзерек» тобы Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», «Бала би» тобы Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» кітаптарын бір ай бойы оқып аяқтады.
Жуырда “Kitaplike” жобасының бірінші кезең қорытындысы болып өтті. Үздік оқырмандарды анықтау үшін Арыс қаласының құрметті азаматы, зейнеткер ұстаз Әбдісәттар Жүніс, көршілес ауылдық округтен келген мұғалімдер арнайы шақырылды. Оқушылар оқыған кітаптары бойынша тест тапсырып, эссе жазды және арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берді.
Нәтижесін саралай келе, «Балбұлақ» тобынан Ибатбек Әлиахмет, «Ойзерек» тобынан Қилыбай Көркемай, «Бала би» тобынан Аманова Зере үздік деп танылды. Оқушыларды ынталандыру мақсатында 1,2,3- орындарға марапаттар беріліп,
Мақсат Тоқболаев бастаған ауыл жастарының демеушілігімен жеңімпаз оқушыларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Мектеп ұжымы мен ата-аналар, ауыл жастарының бірлігінің арқасында құрылған бұл жоба сәуір айына дейін жалғасын таппақ.