Алаш арыстары негізін қалаған қазақ лингвистикалық мектебі: Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі

Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін анықтауда, дауысты, дауыссыз, жарты ­дауыстыларды саралауда, дауыссыздарды қатаң мен ұяңға жіктеуде бірізділік байқалады. Атаулары (терминдері) әртүрлі болғанмен, топтастырулары бірдей. Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров сияқты ғалымдар қазақ тілінің табиғатын, дыбыстық жүйесін сезініп қана қоймаған, тілдегі дыбыстарды жан-жақты тексеріп, түрлі аппараттарды қолданған. «Қазақ тілінің дыбыстары» деген мақаласында Елдес Омаров «Ташкендегі ұлы үністеттің қазақ тілі кабинетінде дыбыстарды дыбыс жүйесін ілімдік жолымен тексеру үшін дыбыстың шығатын жолын, құрамындағы дауысы мен жай дыбысының арақатынасын анықтау үшін, әр дыбысты өз алдына понағыраппен тексеріп жатқанын» айтады. Қ.Кемеңгерұлы 1924-30 жылдары, өмірінің шығармашылыққа, ғы­лымға ден қойған кезеңі осы Ташкентте өткен еді. Сол себепті ғалым дыбыс­тар­ды аппаратпен тексеру сияқты істерге белсене араласуы мүмкін. 1929 жылы емле конференциясында сөйлеген сөзінде Қ.Кемеңгерұлы емле ережелерін түзуде жеке адамның айту ерекшелігін ескермей‚ дыбыстарды акустикалық аппа­раттармен тексеру қажеттігін‚ ол экспериментальды зерттеу (эксперимен­тальное исследование) деп аталатынын айтады. Ендеше‚ дыбыстардың ­сапасын‚ өзіндік ерекшелігін анықтауда ғалым тәжірибе жолын да пайдаланған деп ойлаймыз.

Сонымен‚ қазақ тіліндегі дыбыстардың құрамын‚ түрлерін‚ белгілерін анықтауда Қ.Кемеңгерұлы А.Байтұрсынұлының еңбектерін басшылыққа алғаны байқалады. Сонымен қатар, ғалым ұстазының ойларын одан әрі дамыта‚ толықтыра түскен. А.Байтұрсынұлы қ-к‚ ғ-г дауыссыз дыбыстарын акустикалық жағынан да‚ артикуляциялық жағынан да өзгешеліктері болуы­на байланысты әрқайсысына таңба арнайды. Ал Қ.Кемеңгерұлы сингармонизм ерекшелігіне сәйкес‚ сингармофонема корреляциялық қарама-қарсы жұптардан тұратынын ескеріп‚ қ-к‚ ғ-г дыбыстарын жұптасқан фонемалар ретінде таниды. 1929 жылғы емле конференциясында сөйлеген сөзінде ғалым қ-к дыбыстарының ерекшелігі туралы былай дейді: «…В связи с этим я считаю, что у нас есть тенденция к смягчению қ. Хотя в этом отношении, пожалуй, я остаюсь в единственном числе. Но факт имеется, и я на практике убедился в этом. Учащиеся в слове akt пишут всегда мягкую фонему ә и затем есть тенденция к отверждению к – например oqь pьrtaqol. В этих случаях есть тенденция отвердения. Поэтому окончание не мягкое, а твердое» [2]. Бұл шағын үзіндіден байқап отырғанымыздай, ғалым қ-к дыбыстарының бір фонема ­болуы керек деген ойын түсіндіру үшін дәлелдер келтіреді. Яғни, біріншіден, бұл дыбыстардың қасындағы, бір сөздің бойында қатар келген дыбыстардың жуан-жіңішкелігіне байланысты өзгеріп отыратынын (жіңішке болса, к – әкт, жуан болса, қ – пыртақол), сол арқылы қ дыбысының жіңішке дыбыстармен, к дыбысының жуан дыбыстармен қатар келе алмайтынын көрсетсе, екіншіден, түбірде к дыбысы болса, қосымшалардың да жіңішке түрі жалғанатынын, қ дыбысы болса, қосымшалардың да жуан түрі жалғанатынын айтады (әктіге, пыртақолдан).

Ғалым қ‚ к дыбыстарын бір фонема деп түсіндіруде сөйлерменнің санасында бейнеленуін ескерген‚ яғни И.А.Бодуэн де Куртенэнің психофонема ­теориясын негізге алғаны байқалады. Қосымшалардың жуан-жіңішкелігі арқылы түбірдегі дыбыстардың жуан-жіңішкелігін тексеру – бүгінгі таңда да ең тиімді тәсілдердің бірі болып саналады.

Х.Досмұхамедұлы да қ-к (ғ-г) дыбыстарын бір фонема деп таниды [5]. Н.Ф.Яковлев «Математическая формула построения алфавита» (опыт практического приложения лингвистической теории) [6] деген мақаласында да қ-к дыбыстарын бір фонема ретінде таниды. Сол сияқты А.М.Сухотин, К.К.Юдахин сияқты ғалымдар да қ-к дыбыстарының бір фонема болатынын айтады. Яғни Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлының пікірлері мен Мәскеу фонологиялық мектебінің негізін қалаушылардың ойлары ұқсас болғанын көреміз. Сингармонизм табиғатын, фонема қасиетін терең түсінген қазақ фонологтары (Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы т.б.) Н.Ф.Яковлев, А.М.Сухотин, К.К.Юдахин т.б. ғалымдардан әлдеқайда бұрын дұрыс та батыл тұжырымдар түйіп отырған.

А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлының ізбасарлары Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, Ж.Аймауытұлы, Б.Малдыбайұлы, Қ.Басымұлы т.б. зерттеушілер қазақ тілін сан қырынан зерттеп, оның қыр-сырын жан-жақ­ты аша түсуге тырысқан. Соның нәтижесінде қазақ тілінің бірқатар мәселе­леріне байланысты түрлі көзқарастар, бағыттар болған. Тілдің кейбір мәселе­леріне келгенде, бірін-бірі дамытып, қолдап отырса, енді бірқатар мәселе­лерде басқа қырынан келіп, қазақ тілінің қасиеттерінің жан-жақты айқындала тү­суіне ықпал етіп отырған.

ХХ ғасырдың басында қ, к, ғ, г дыбыстарының табиғатына байланысты бірқатар пікірталас туындады. А.Байтұрсынұлы қ, к, ғ, г дыбыстарына ар­найы әріптер арнаса, Т.Шонанов к-г (қ-ғ) дыбыстарын бір фонема ретінде таниды: «Возможно, что в конце концов наше начальное к в отдельном произно­шении слова превратится в г. А туркменский, османский и др. южные языки уже теперь превратили к в г» [2, 22]. Елдес Омаров та «Айнымалы дыбыстардың жазылуы» деген мақаласында дауысты дыбыстардың әсерінен қ, к дыбыстарының к-г, қ-ғ болып ымыраласып өзгеретінін айта келіп, оларды «айнымалы да­уыссыздар» деп атайды [7]. Ал қазіргі кезде Б.Тайлақбаев «Қазақ тіліндегі салдыр шұғыл дауыссыздар» деген еңбегінде қ мен ғ (к мен г) дыбыстарын өз алдына бір фонема деп түсіндіреді. қ, к, ғ, г дыбыстарын жеке фонемалар деп түсіну бүгінгі таңда І.Кеңесбаев, К.Аханов, К.Бейсенбаева, Ғ.Әбуханов, М.Қараев‚ С.Мырзабеков, М.Жүсіпов еңбектерінде кездеседі. Ә.Жүнісбек, Н.Уәли еңбектерінде қ, к, ғ, г дыбыстары жеке-жеке фонема емес, қ-к, ғ-г болып жұптасқан екі фонема екендігі жан-жақты дәлелденді. Ә.Жүнісбек осы дыбыстардың ерекшелігі туралы былай дейді: «Фонологический анализ показывает‚ что [к]‚ [q] – равноправные сингармонические варианты одного глухого смычного среднеязычного – увулярного согласного. Их ассимилятивный оттенок в составе «мягкого» слога произносится среднеязычной артикуляцией и является мягким сингармогласным‚ а в составе «твердого» слога произносится увулярной артикуляцией и является твердым сингармогласным. Есть также огубленные сингармогласные [k0]‚ [q0]. Это дает возможность считать их сингармоническими модификациями одного согласного звука» [8, 42]. Сол сияқты Н.Уәли де [к]‚ [q] дыбыстарын бір инвариант-фонема деп таниды [9, 39]. Қазақ тілі сияқты бірқатар түркі тілдерінде де қ-к дыбыстарының алмасатынын байқаймыз. «Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков» (жауапты редакторы — Э.Р.Тенишев) деген еңбекте әзірбайжан, түрік, татар, өзбек тілдерінде қ-к дыбыстарының бірінің орнына бірі қолданыла беретіні туралы айтылған.

Орынай Жұбай,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар