Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін‚ емле мәселесін сөз еткен Қ.Кемеңгерұлы‚ Е.Омаров‚ Т.Шонанов т.с.с. ғалымдардың тұжырымдары Қазан мектебінің өкілдері – И.А.Бодуэн де Куртенэ‚ В.А.Богородицкий т.б ғалымдардың ұстанымдарына ұқсас. Қ.Кемеңгерұлы «фонема» атауын қолданып‚ фонема‚ дыбыс пен әріптің айырмашылықтарын түсінген‚ дыбыстардың корреляттық байланысын‚ психофонема теориясын т.б. анықтауы жағынан И.А.Бодуэн де Куртенэнің еңбектерімен таныстығы байқалады. Мәселен‚ қ-к‚ ғ-г‚ һ дыбыстарының ерекшелігін түсіндіруде К.Кемеңгерұлы қазақ индивидінің ойындағы (представление – Қ.К.) бейнелерін ескеріп отырған.
XX ғасыр басында һ дыбысына байланысты да көптеген айтыстар, пікірталастар болды. Баспасөз бетінде, емле конференциясында осы мәселе төңірегінде айтысушылар екіге айырылды: бірі – «бұл дыбыс қазақ тілінде бар, оған арнайы таңба алу керек» деушілер: А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, Ә.Байділдаұлы т.б. болса, екіншісі – «бұл дыбыс қазақ тіліне тән емес» деушілер: Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Т.Шонанов т.б. Ж.Аймауытұлы мен Е.Омаровтың баспасөз бетінде қазақ тілінің келелі мәселелеріне байланысты айтыстарының ішінде осы һ дыбысы да көп сөз болады. Осындай талас 1929 жылғы емле конференциясы барысында да туындайды. Ә.Байділдаұлының »һ әрпі керек» деген пікіріне Қ.Кемеңгерұлы: «Если у нас во всех иностранных словах, которые вошли в казахский язык вообще отбрасывается буква һ, то это делается потому, что в казакском представлении этой фонемы нет, она имеется только в междометиях и то сомнительно. Это – факт», – деп, бұл дыбыстың қазақ тіліне тән еместігін дәлелдейді [2]. Бұл шағын үзіндінің өзінен Қ.Кемеңгерұлының фонема, әріп терминдерінің мәнін, байыбын терең түсінген фонолог ғалым болғандығын байқауға болады. Алайда ғалымның бұл тұжырымдары одан кейінгі еңбектерінде еленбеген. Соның нәтижесінде Ғ.Әбуханов, І.Кеңесбаев, С.Мырзабеков, т.б. ғалымдар һ дыбысын қатаң дауыссызға жатқызса, К.Аханов, К.Бейсенбаева, М.Қараев, т.б. ғалымдар оны ұяң дауыссызға жатқызған. Сонымен‚ һ дыбысының қазақ тіліне тән дыбыс еместігі туралы Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов т.б. зерттеушілердің пікірлері бүгінде Ә.Жүнісбек, Н.Уәли еңбектерінде жалғасын тапқан.
Ұлттық тіл біліміне дейін В.В.Радлов пен П.М.Мелиоранский дауыстылардың тоғыз түрін көрсетсе, Н.Ильминский сегіз түрін (а мен ә-ні бірге қарастырған), Созонтов он үш түрін көрсетеді (я, е, ю әріптерін де дауыстыларға жатқызады).
Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңде де баспасөз бетінде дауыстылардың саны, құрамы туралы түрлі көзқарастар, пікірлер болды. Мысалы, Ж.Аймауытұлы, Б.Малдыбайұлы, С.Мұқанұлы й, у дыбыстарын да дауыстыға жатқызып, «қазақ тілінде он бір дауысты бар» десе, Малабайұлы э, ю, я әріптерін де дауыстылардың қатарына қосып, дауыстылардың санын он төртке жеткізеді. Сингармонизм заңдылығын ескере отырып, дауысты дыбыстардың құрамын дұрыс анықтаған А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов сияқты ғалымдардың айтқандарына бүгінгі таңда Ә.Жүнісбек, С.Мырзабеков, Н.Уәли, Н.Машқанова, т.б. ғалымдардың еңбектері үндесіп жатыр.
Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы т.б. ғалымдардың дауыстыларды жуан-жіңішке, еріндік-езулік деп топтастырулары ұқсас. Қ.Кемеңгерұлы дауысты дыбыстарды тілдің қатысына қарай жуан-жіңішке, еріннің қатысына қарай еріндік-езулік, жақтың қатысына қарай ашық, жартылай ашық, қысаң, жартылай қысаң деп топтастырады. Дауыстыларды жуан-жіңішке, еріндік-езулік деп жіктеуде зерттеушілердің көбінде бірізділік бар. Бүгінгі таңдағы қазақ тілі фонетикасында да мұндай дауыстыларды тануда әрқилылық жоқ. Алайда ғалымдар арасында ерін үндестігінің сөздің соңына дейін сақталу-сақталмауына байланысты күні бүгінге дейін түрлі пікірлер айтылады. П.М.Мелиоранский ерін үндестігінің сақталатынын кесте арқылы көрсетіп, былай дейді: «…Есть грамотеи, которые в угоду письменному языку‚ коверкают свое произношение, объявляя его неправильным, но в речи простого народа варьирование гласных в суффиксах постоянно соблюдается. Так, например, суффикс, изображаемый в письменном языке через дан, иногда дін, в разговорном казак-киргизском языке звучит то дан, то ден‚ то дөн, суффикс нің звучит то ның, то нің, то нұң, то нүң т.д.» [10, 15].
Еріндік дауыстылардың келесі буынға тигізетін әсерін Н.Созонтов‚ Н.Ильминский е, і дыбыстарының негізінде сипаттайды. Аталған зерттеушілерде «қазақ тілінде ерін үндестігі сақталады» деген ойды аңғару қиын емес.
Орынай Жұбай,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы