Қазақ тілі: Айтылым мен жазылым

Кез келген тілдің айтылымы мен жазылымы яғни орфоэпиясы мен орфографиясы аса маңызды мәселелердің санатында. Жер бетіндегі тірі, дәлірегі – қолданушысы бар тілдердің барлығы бұл мәселені айналып өте алмайды. Басқаның әліпбиін пайдаланар, бірақ өз тілінде бірдеңе жазғысы келген барлық пенде, ондай мәселелермен бетпе-бет келетіні анық. Ондағы басты қиындықтың бірі – ғылым-білім ерте дамыған Еуропада да Ахмет Байтұрсынұлы айтты дегендей «ит деп дыбыстап, шошқа деп жазатын» тілдер бар.

Ауұздұқ – ауыздық

Ал сол Ахмет Байтұрсынұлындай ұлы ағартушының өзінің есімін, айтылым сөздігіне бүкіл ғұмырын арнаған, марқұм Мырзабектен Сапархан ныспылы белгілі ғалым Ақымет деп жазатын. Біздіңше дұрыс. Ал өңінде орысты да, оймауытты да көрмеген, өмірі тек қалың қазақтың ішінде өткен менің бір шүйкедей шешем, біз Гауһар деп жазатын адам есімін Кәукәр дейтін. Гауһар мен Кәукәрдің арасы сол шешелеріміз үшін біраз «жер» деуге болар. Себебі олар тіріліп келсе, Гауһар деген өзінің Кәукәрі екенін түсінбеуі де мүмкін. Бірақ Сапархан ағадан сабақ алған біз, ұяң г-нің қатаң к-ге, жуан а-ның жіңішке ә-ге айналғанын түсінеміз.

Оны айтасыз, қазақша білген, тіпті қазақ тілінің грамматикасын жазған делінетін Платон Мелиоранский төрөлөрдүң, таудұң, күйөудүң, ауұздұқ деп жазады. Сонда ХIХ ғасырдың соңындағы, турасы – 1890 жылдарғы қазақ осылай сөйлеген. Неміс текті тағы бір атақты түркі тілдерін зерттеуші (Фридрих-Вильгельм) Василий Радлов жолаушұ, дәурөн, дәулөт, әуө, ал миссионер Николай Ильминский ауұл, ауұз деп хатқа түсірген.

Бұлардың бәрін неге айтып жатырмыз? Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінен (№32, 11 тамыз, 2023 жыл) «Емлеге әркім өзінше тәжірибе жасамауы керек» деген мақаланы оқыдық. Авторы Н.Әміржанова есімді ғалым. Көтеріп отырған мәселесі дұрыс. Расында әркім бекітілген, орныққан ережелерге бағынбай өзінше жазса не болмақ? Қойыртпақ жазылым пайда болуы мүмкін. Н.Әміржанова: «1929-1938 жылдары шеттілдік сөздерді «сындырып», «қазақшалап» бірыңғай жуан немесе бірыңғай жіңішке жазу нормасы болған. Сөздер қазақ тілінің айтылым заңдылығына бағындырылды. Сөйтіп, фонетикалық принцип негізгі қағидат болғандықтан әркім өзінше естіп, өзінше жаза беретін болды» – дей келіп, (пұркұурор, пырокұурор, пүркералл, пүркерел) нақты мысалдар келтіріпті. «Халықаралық тіл деп танылған ағылшын тілінде 44 дыбыс бар, бірақ небәрі 26 әріппен барлық сөзін таңбалайды. 44 дыбыстың бас-басына әріп арнамайды. Орфографиясы мен орфоэпиясы өте алшақ болса да, әлемдік аренада үздік, өміршең тілдердің басында тұр» – деген уәж айтыпты. Ғалымдардың бәлен жыл тер төгіп жасаған жазылым ережелерін, ғалым қорғағаны жөн.

Бірақ Н.Әміржанова есімді ғалым «жазылым әбден орныққан бүгінгі күнге дейін неге айтылыммен жазатын адамдар бар?» деген сауалға жауап іздемепті. Ол сынап отырған белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыздың осы «Ана тілі» газетіне де осы күнге дейін шыққан мақалалары өзінің ережесі бойынша немесе әр сөздің айтылымымен жарық көріп келеді. Н.Әміржанова өзі келтірген мысалдардағы: ашұулары, тартұу, тұуралы (1932-1933 жылдарғы «Сатсыйалды құрылыс», «Сатсыйалды Қазағыстан» газеттері) сөздерін, Бексұлтан ағамыз қазір де осылай айтылуымен жазар еді.
Себебін ағамыз өзі де айта жатар, біздіңше неге олай істеп жүргенін әріден іздеу керек. Ілкіде айтылған Мырзабектен Сапархан ағамыз «Қазақ тілінің айтылым сөздігі» (2001 жыл) атты кітабының алғысөзінде: «1947 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының сессиясында жасаған баяндамасында жас академик Н.Сауранбаев орыс графикасына негізделген қазақ жазуының артықшылықтарын айта келіп: «Сөздердің дыбысталуы мен жазылуы арасындағы кереғар алшақтық біржола жойылды» – деп хабарлады».
Осы түсініктің көбесі сөгілмей, күні бүгінге дейін: «Қазақ тілінде сөздер қалай жазылған болса, солай оқылады» – түрде қайталанып келеді» – деп жазыпты.

Большевиктік ұраншылдық заманында, ұлттардың барлығы теңдікке жеткенде, олардың тілдерінде де ешқандай кереғарлық байқалмауы керек болды. Ұлы халықтың арқасында басқа ұлттардың тілінің де төбесі көкке жеткені айтылуы тиіс делінді. Демек жас академиктің сөзі түсінікті. Сол ұранның жаңғырығы бүгінгі күнге жеткенін әрқайсымыз сезінеміз. Себебі қалай жазсақ, солай сөйлейміз. Асфальтта өскен баланы қойып, көш­пелі өмірдің көзін көре қалған менің замандастарымның кейбірі (Мелиоранский жазып алған) жүгеннің ауұздұғұн, ауыздық деп айтуға көшті. Бұл ілгерілеу ме, кері кету ме? Әрине кері кету. Осылай большевиктер жеткізген жетістікпен алға шаба берсек, қазақ орфоэпиясы деген ұғымды ұзамай біржола жерлеуіміз мүмкін. Ал мұндай ұлт үшін орны толмас шығынмен тек Бексұлтан Нұржекеұлы емес, барлық қаламгерлер, халқына болсын дейтін кез келген азамат келіспейді.

Бәлкім, әлі күн қалмай келе жатқан кеңестік жаны сірі заңдылықтарға деген қарсылығы Бексұлтан Нұр­жекеұлына айтылыммен жазуға итермелейтін шығар. Оны да ағамыз өзі айта жатар. Алайда Бексұлтан Нұржекеұлын сынаған Н.Әміржанова А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жұмыс істейтін, ең ұлтын сүйетін мекеменің қызметкері ретінде орфоэпия үшін де күресетініне күмән келтірмейміз. Сыны да орынсыз дей алмаймыз. Өз кезегінде, болмаса бір жазушы, қазақ сөзінің айтылымы бөлек екенін еске салып жүргені де біздіңше керек. Ал тіл үшін керектің бәрін істеуіміз қажет. Дәлірегі – қажеттілік.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
anatili.kazgazeta.kz/

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар