«Жасанды интеллект және қазақ тілі» атты сессиясы

2023 жылғы 13 қазан күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры М.Жұмабай халықаралық басқосудың «Жасанды интеллект және қазақ тілі» атты сессиясының жұмысына қатысты. Жалпы жасанды интеллектінің өзегі – тіл. Тіл осылайша технологиялар мен инновациялық шешімдердің алтын діңгегіне, шешуші обьектісіне айналған кезең тарихта бұрын соңды болған емес. Осы мүмкіндікті қазақ тілінің мүддесіне дұрыс қолдану туралы ойын білдірді.

«Қазақ тіліне байланысты технологияларды, соның ішінде сөйлеу синтезін әзірлеуге басымдық беріп отырмыз. Сондай-ақ, әлемдік тілдік модельдерде қазақ тілінің сапалы деңгейде қолданылуына атсалысу – басты мақсатымыздың бірі. Ол үшін біз осы бағытта жұмыс істеп жатқан отандық және шетелдік жетекші компаниялармен ынтымақтастық орнатудамыз. Яғни жасанды интеллектінің қазақ тілін толық игеруіне қол жеткізу.

Бұл мемлекеттік ұйымдар мен басқа да компаниялардың өз сервистік өнімдеріне қазақ тілін оңай әрі қолжетімді интеграциялауына жол ашады. Әрі тілімізді цифрлық мүмкіндіктер арқылы жаңа сатыға шығаруды көздейміз. Технологиялық шешімдер, яғни жасанды интеллект тіліміздің әлеуетін арттырып, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуына негіз болады. Осы маңызды межені бағындыру үшін отандық IT мамандар мен компьютерлік лингвистерді, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен барлық тіл жанашырларын ортақ іске жұмылуға шақырамыз, – деді Мақпал Құрманжанқызы.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар