Егеменді қазақ мемлекетінің мәртебесіне сәйкес, оның дүниежүзілік аренадағы саяси, экономикалық, мәдениетаралық коммуникациядағы сұранысына сай «қазақ дүниесінің тілдік бейнесін» зерттеу пардигмасын кеңейту – өзекті мәселе. Бұл, атап айтқанда, ұлттық мәдениеттің жаңа қырларын ашып, бай тілдік деректерді қамтитын, тілдің елтанымдық қызметін айқындайтын зерттеулерді дамытуды қажет етеді. Себебі бұл мәселенің шешілуі мәдениаралық қарым-қатынасты жаңа, нақты дәйектік деңгейге көтермек. Осы тұрғыдан және әлеуметтік сипаттағы заманауи қазақ қоғамының рухани-мәдени талаптарына сай нақты қоғамдық сұраныстарды қанағаттандырмақ.
Себебі тіл арқылы ұлттың рухани дүниесін, сонымен сабақтас қалыптасатын материалдық өндіріс пен тұрмыс күйін бейнелейтін мәдени жүйе әркімнің жеке басының жағдайына байланысты емес. Ол – белгілі бір халықтың әлеуметтік-психологиялық, мәдени-тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты қалыптасатын жалпыхалықтық құбылыс.
Демек, тіл – эностың бүкіл рухани, мәдени байлығының куәгері іспетті. Осыған орай, ұлттық рухты жаңғыртып, төл мәдениетті тану мен танытудың бір жолы ретінде тіл арқылы рухани-мәдени мұрамызды ежелден келе жатқан тәжірибе негізінде қорытып, тарихи қызметін саралап, қайта бағалауға бағытталған кең арналы да терең зерттеулердің қажеттілігі туындап отыр.
Сондықтан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының зерттеу жұмыстарын қазіргі әлемдік өркениет кеңістігіндегі жаһандану үрдісі өріс алған кезеңдегі жеке ұлт болмысы мәдениетін жіктеп көрсетуге мүмкіншілігі бар, кешенді де интеграциялық сипаттағы тіл біліміндегі жаңа бағыттағы зерттеулер санатында бағалауға болады.
Мысалы, этнолингвистикалық сөздік этностық мұра болып келе жатқан лексемалардың ішкі мәнін, қалыптасу тарихын зерттейді. Жалпы сөздік қордағы белгілі бір этносқа тән атаулар (көбінесе көне сөздер, яғни этнографизмдер) зерттелінеді. Бұндай сөздер төрт түлік малға, алғыс, қарғыс сөздері мен аспан денелері, табиғат құбылыстарын өздігінше танып түсінуге қатысты сөздер болуы мүмкін.
Лингвомәдениеттанымдық зертеулер сөздік құрамындағы заттық және рухани мәдениет атауларының халыққа тән ерекшелігі мен ұлттық өзекшеліктерін, қарапайым ауызекі тілде қолданылуын, фразеологизм бойында тұрақталған мәдени мәнін ашады.
Бұл тектес мәдени-танымдық зерттеулердің жарқын үлгісін Институттың көрнекті ғалымдары Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Т.Жанұзақ, Е.Жанпейісов, Н.Уәли, Р.Шойбеков т.б. ғалымдардың еңбектерінен көруге болады.
Мысалы, қазақ халқының күнделікті тұрмысы мен ата кәсібіне, төл мәдениетіне сәйкес ерекшеленетін, жылқы ұғымының мынадай семалық құрылымын жіктеп көрсетуге болады: Жас мөлшері – 1) жаңа туғаннан үш айға дейінгі кезең (құлын, құлыншақ); 2) енесінің бауырындағы, яғни үш айдан бір жылға дейінгі кезең (жабағы); 3) жыныстық жағынан жетілген және одан кейінгі кезең (тай, еркек тай, ұрғашы тай) байтал, құнан, дөнен, бие, айғыр, бесті т.б.). Жылқы мінезі: – мама бие, тарпаң бие, асау бие, жершіл (бошаулық) бие, шақар айғыр, қызба жылқы, теліншек құлын, т.б.
Сол сияқты қазақтың ата кәсібіне сай малдың төлдеуіне байланысты атаулар: тоң, үшен, тұмса түйе, мекер, өркен, қағынақ суы, арамза бота, қызылшу, т.б.
Демек, ұлттық мәдениеттің өзегін құрайтын ғасырлар бойы ата-бабамыздың ұлттық тәрбиенің мұраты ретінде дәріптеп, белгіленген ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан қастерлі ұғымдар тілде сақталған. Тілдік қазынамызда олар сан түрлі тілдік құралдарымен айшықталған. Олардың мәніне тереңдеп, табиғатын тану, қазіргі қоғамдық сана мен мәдениеттің бүгінгі деңгейде сабақтастырудың «кілті» олардың «тілдік бейнесінде» «тілдік әлемінде».
Демек, әрбір этностың мәдениеті оның тілі арқылы сақталған «ішкі» мазмұнында сақталады. «Мәдениетті тану кілті» – тіл арқылы сақталған мәдени ұғымдардың мәдени фонын зерттеу. Соның нәтижесінде анықталатын тілдің қызметі – әр халықтың ұлы мұрасы, ұлттың тарихи жетітігін көмкерген мәдениетті таңбалау. Ал, таңба – қоғамдық дамудың зердесін, ой-өрісін, даналық тұғыр деңгейін танытатын белгісі ретінде ұлт мәдениетін тілде белгілеу (маркерлеу) қызметін атқарады. Соның нәтижесінде, бір этностың мәдениеті екінші этносқа оның тілдік таңбалары яғни рухани және материалдық мәлдениетті сипаттаушы сөз символдары арқылы баяндалады.
Жалпы алғанда, мәдениеттің немесе оның жеке түрлері мен формаларының таңбалық сипаты туралы ой ертеде қалыптасқан. Ал тілге қатысты таңба ұғымының енуін жоғарыда көрсетілген тілден тыс салт-дәстүр, әдет-ғұрып т.б. мәселелерді тіл ~ мәдениет, ұлт ~ тіл қағидасына сәйкес танымдық тұтас сипатта қарауға қатысты зерттеулер мүмкіндік туғызды.
«Дүниенің тілдік бейнелеудің» жалпы және ұлттық ерекшелік негізіндегі көріністері салыстыра зерттеу нәтижесінде айқын көрінеді.
Осыған орай ең негізгі құрал – сөздік ақпарат. Бұның негізін құрайтын этнографизмдер, қазақ ескіліктері, мифологемалар, басқа да этномәдениеттің архетиптік көріністері. Институттың ғылыми-өндірістік өнімдерінде (этнолингвистикалық, фразеологиялық, аймақтық, түсіндірмелі сөздіктер) олардың мәні жан-жақты ашылған.
Жамал МАНКЕЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
Лексикология бөлімінің бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымының докторы, профессор