– Жақында Астанада өткен Түркі мемлекеттері Кеңесінің саммитінде, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған «Түркі елдеріне ортақ әліпби жасау» мәселесін көтерді. Кейбір полиглот азаматтар мен ғалымдар, бұл бағытта белгілі дәрежеде қиындықтар да кезігетінін айтады. Мысалға, түрік ұлтының өкілдері үшін қанша оғыз текті болса да түркімен бауырлармен (әркім өз тілінде сөйлесе немесе үйрену) түсінісу қиын деседі. Түркімен тілінің фонетикасы бөлек болса керек. Түркия Президентінің пікірі кең қолдау табатыны анық. Дегенмен ғалым ретінде сіздің пікіріңіз қалай? Ортақ әліпбиге көшуде қандай қиындықтар болуы мүмкін?
– Қалың бұқараға бұл тосыннан келген ұсыныс сияқты көрінгенмен, түркітанушылар кеңістігі үшін бұл әлдеқашан көтерілген мәселенің жалғасы, тіпті шарықтау шегі десек те болады. Жалпы түркі алфавиті, түркілік жазу, ортақ графика, түркі мемлекеттеріне ортақ әліпби сияқты ұғымдардың мейлінше терең талқылану, зерттелу кезеңі бұдан әлденеше жылдар бұрын Түркияда басталып кеткен. Түркия араб графикасынан 29 таңбадан тұратын латын алфавитіне сонау 1928 жылы өтті. Одан бері де бір ғасырға жуықтады. 1991 жылдың 18-20 қарашасында Стамбулда Мармара университеті Түркітану институтының басшылығы ұйымдастырған «Заманауи түркі әліпбилері» атты халықаралық симпозиумға түркі әлемінің әр түрлі елдерінен 28 тіл мамандары, ғалымдар қатысып, түркі тілдері үшін ең ыңғайлы алфавиттің латын әліпбиі екенін бір ауыздан қабылдаған болатын. Ең маңыздысы, әр елдің біркелкі латын әліпбиіне өтуінің бауырлас елдер арасындағы түсіністік пен қарым-қатынасты жеңілдететініне байланысты бүкіл түркі тілдеріне жарамды 34 таңбалық бірыңғай ортақ латын алфавитін белгіледі. Кириллицадан латын графикасына көшкен ең алғашқы түркі тілі болып 1991 жылдың 25 желтоқсанында Әзербайжан елі тұңғыш қадам жасады. 1993 жылы 12 сәуірде Түркіменстан латынға өтті, 1993 жылғы 2 қыркүйекте Өзбекстан латын алфавитіне көшкенін жариялады. Бұл кезеңде Қазақстан мен Қырғызстанда латынға көшу туралы талпыныстың нышаны да байқалмады. Тек 2017 жылғы 26 қазанда Қазақстанда латын әліпбиіне көшу туралы шешімге қол қойылды.
Түркімен тілінің фонетикасындағы ерекшеліктер туралы сұрадыңыз. Түркімен тілі түркі тілдерінің ішінде түрік, әзербайжан, ғағауыз, балқан түріктері оңтүстік-батыс немесе түркі тілдерінің оғыз бұтағына жатады. Түркімен тілі даму барысында қыпшақ тілдерінің әсеріне ұшырағандықтан, қазақ тіліне де ұқсас келетін тұстары бар. Түркімен тілінің орфографиясы зиялы ортада бірнеше рет арнайы талқыланыпты. Ол тілдің фонетикалық ерекшелігі ретінде дауысты дыбыстардың созылыңқылығы мен ерін үндестігін, сын есімнің грамматикалық жағынан түрленбейтіндігін айтуға болады. Мұндай ерекшелік әрқандай тілде болуы мүмкін, ортақ әліпби алыстатпай, керісінше тілдердің табиғи қалыпқа түсіп, жақындасуына ықпал етеді.
Жалпы түркі әлемі кеңістігіне қатысты барлық мәселелерді назардан тыс қалдырмауға тырысатын мамандардан тұратын кәсіби ұжымның көшбасшысы ретінде, түркі жұртына ортақ әліпбидің қажеттілігін дәлелдеп, оның құрылу, қалыптасу, даму сатыларын айқындауда, стратегиясының іргетасын қалауда қызмет етуіміз керек деп есептеймін. Сөзсіз, кез келген жазба мәдениетті қоғамға ендіру белгілі бір деңгейде пәрменді мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Мұндай үдеріс кезең-кезеңімен жүргізілетін сауаттандыру, насихаттау, ақпараттандыру деңгейлерінен тұрады. Халықпен жұмыс жүргізетін салалық мамандарды даярлаудан бастап, халықаралық құжаттамаларды цифрландыру ісімен аяқталады. Мұның бәрі бір күннің, бірер айдың, бір жылдың ғана жұмысы емес екені аян. Түркіге ортақ әліпби тек түркі жұрты үшін ғана емес, адамзат қауымы үшін баға жетпес құндылық болары анық.
Раушангүл Абакова,
филология ғылымының докторы, профессор
Әңгімелескен
Дағжан Белдеубай