Ақмола облысында бірінші сыныпта оқитын 5290 бала туберкулезге қарсы ревакцинациядан өтті.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омархановтың айтуынша, өңірде манту сынамаларын жүргізу және БЦЖ ревакцинациясының қорытындысы шығарылды.
«БЦЖ ревакцинациясына балаларды іріктеу мақсатында манту сынамасын мектепте бірінші сынып оқушыларына алты жасында, оқу жылының бірінші айында (қыркүйек) қояды. Бүгінгі таңда мектептерде вакцинация жұмыстары тоқтатылды. 30 қыркүйектегі мәліметтер бойынша 12 мыңға жуық бірінші сынып оқушысы туберкулин диагностикасымен қамтылды. Оның ішінде 10 429 (87,2 пайыз) бала тексерілсе, 342 (2,9 пайыз) бала тексерілмеді, денсаулығына байланысты жіберілмегені – 812 (6,8 пайыз), бас тартқандар саны – 382 (3,2 пайыз) бала», — деп атап өтті Серік Омарханов.
Туберкулезге (БЦЖ) қарсы ревакцинациямен қамтылуы тиіс бірінші сынып оқушыларының саны 5 мың 745 болса, оның 5 мың 290 (92,1 пайыз) егілді, 455-і (7,9 пайыз) егілмеді.
«Вакцина туберкулездің, туберкулез менингитінің және аурудың басқа да ауыр түрлерінің алдын алу мақсатында иммунитетті қалыптастырады, ағзаның төзімділігін арттырады», — деп толықтырды Серік Омарханов.