Алғаш рет ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасы өтпек

Елімізде ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасы биылғы жылдың қараша және 2024 жылдың қаңтар айлары аралығында алғаш рет өткізілмек. Жаңа бастама — қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталғандығы туралы мәлім болды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінде өткен аппарат отырысында айтылды.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың төрағалығымен өткен жиынға Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Жұмашев Ғалымжан Сұлтанбекұлы да қатысты.

Аталған аппарат отырысында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов баяндама жасап, олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатыса алатынын, мұндағы мақсат – еліміздің шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтап, дамыту, халықаралық олимпиадаларға қатысуға ынталандыру екендігін атап өтті.

Жоғарыда аталған қағидалардың барлығы ең беделді әлемдік IMO, IPhO, IChO, IBO, IGeO, IOI және IOL олимпиадалардың ережелеріне сүйеніп жасақталған. Бұл олимпиадаларда жеңімпаз болған қазақстандықтарға мемлекет тарапынан 500-ден 1500 АЕК-ке дейін қаржылық қолдау көрсетіледі. Биылғы жылы 23 оқушы жүлделі орындарға ие болды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, мұндай ауқымды шараның өткізілуі – еліміздің бүкіл оқу-ағарту саласының жетістігі мен жоғары мәртебе.

«Пәндік олимпиада – балалардың санасында алғашқы ғылыми ізденістерге жол салатын, болашақ ғалымдарды шабыттандыратын, ғылыммен еркін айналысатын жастар тобын қалыптастыратын ең ауқымды бағдарламалық сайыс. Қазақстандық мектеп оқушыларының беделді олимпиадаларға қатысу рейтингі жеңіс қоржынында медальдар санының көбейгенін, білім сапасының артқанын көрсетеді. Сондықтан республикалық олимпиадалардың әрқайсысының сапалы әрі жоғары деңгейде өтуі маңызды», – деп қорытындылады Ғани Бейсембаев.

Айта кету керек, елімізде жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушылары арасында олимпиадалар ұйымдастырылады. Оларға 300 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысуда. Қазақстандық оқушылардың осындай жоғары жетістіктерін ескере отырып, халықаралық ұйымдастыру комитеті биологиядан ең беделді әлемдік олимпиаданы 2024 жылы Астанада өткізу туралы шешім қабылдады. Оған 80 елден 330-ға жуық үздік жас биолог қатыспақ.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар