А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Малдыбайұлы сияқты зерттеушілер дауыстыларды жақтың қатысына қарай топтастыруда бірізділік танытып, дауыстыларды тек ашық пен қысаңға ғана топтастыруға болмайтынын, аралық дыбыстардың (о, ө, е) болатынын, оның құрамын дұрыс байқаған. Алайда кейінгі еңбектерде бұған көп мән берілмеген. Соның нәтижесінде І.Кеңесбаев, Ж.Аралбаев, К.Бейсенбаева, Ғ.Әбуханов, К.Аханов т.б. ғалымдардың еңбектерінде дауыстылар жақтың қатысына қарай қайтадан ашық, қысаң деп екіге ғана жіктелді де, е, о, ө дыбыстарының алдынан әнтек и, у дыбыстарының естілетіні, бұл дыбыстардың кейде дифтонг, кейде монофтонг болатыны ескерту түрінде жазылып жүрді.
Е, о, ө дыбыстарының ерекшелігі басқа түркі тілдерінде де байқалады. Мысалы, В.Решетов өзбек тілінде, Н.Н.Межекова хақас тілінің шор диалектінде анлаут позицияда е, о, ө дыбыстарының дифтонг түрінде естілетінін айтады. А.М.Щербак «Сравнительная фонетика тюркских языков» деген еңбегінде дауыстылардың жақтың қатысына қарай екі деңгейлі оппозиция құруы – якут, алтай, шор, тува, қырғыз, балқар т.б. тілдерге тән екендігін, соған сәйкес олардағы дауыстылардың саны да сегіз екендігін, ал азербайжан, башқұрт, қазақ, қарақалпақ, татар, хақас т.б. тілдерде тоғыз, он, кейде одан да көп дауыстылардың басын құрайтын үш, төрт деңгейлі оппозиция кездесетінін айтады.
Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, С.Мырзабеков еңбектерінде де е, о, ө дыбыстарының өзгешелігі ескеріліп, Ә.Жүнісбек пен Н.Уәли бұл дауыстыларды дифтонг ретінде көрсетсе, С.Мырзабеков е, о, ө дыбыстарын жартылай ашық дауыстылар деп атайды. А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы сияқты ғалымдардың дауыстыларды жақтың қатысына қарай топтастыруда аралық дыбыстарды (е, о, ө) бөлек қарастыру үрдісінің бүгінгі таңдағы фонетика табыстарымен үйлесім табуы аталған ғалымдардың білгір фонолог болғанын айғақтайды.
Қ.Кемеңгерұлының ашық, жартылай ашық, қысаң, жартылай қысаң деп топтастыруын былайша түсіндіруге болатын сияқты: ғалым алдымен жақтың қатысына мейлінше ашық және мейлінше қысаң дауыстыларды бөліп алған. Сонда ашық дауыстыларға: а, ә; қысаң дауыстыларға: ы, і, ұ, ү дыбыстары жатады. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде де, кейінгі еңбектерде де (І.Кеңесбаев, К.Бейсенбаева) мейлінше ашық айтылатыны – а (немесе ә), ал мейлінше қысаң – ы (і) немесе ұ (ү) болып есептеледі. о, ө дыбыстары а, ә дыбыстарымен салыстырғанда, тұйықтау, ал қысаң дыбыстармен салыстырғанда, әлдеқайда ашық. Сондықтан, оларды ғалым жартылай ашық деп бөлек жіктеген. Ал е дыбысы ашыққа жатқызылатын болса‚ ә дыбысынан айырмашылығы болмайды‚ қысаңға жатқызылатын болса‚ і-ден айырмашылығы болмай қалады. Бұл орайда Л.В.Щербаның мына сөздері ойға оралады: «…Единый смысл заставляет нас даже в более или менее разных звуках узнавать одно и то же. Но и дальше‚ только такое общее важно для нас в лингвистике‚ которое дифференцирует данную группу … от другой группы‚ имеющей другой смысл… Вот это общее и называется фонемой. Таким образом‚ каждая фонема определяется прежде всего тем‚ что отличает ее от других фонем того же языка. Благодаря этому все фонемы каждого данного языка образуют единую систему противоположностей‚ где каждый член определяется серией различных противоположений как отдельных фонем‚ так и их групп» [14, 20]. Фонема табиғатын терең түсінген Қ.Кемеңгерұлы е дыбысын ашық дауыстыға да, қысаң дауыстыға да жатқызбай, бөлек алған. Яғни дауыстыларды топтастыруда айырым белгілерін айқындауға тырысқан.
Х.Досмұхамедұлы «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген мақаласында е дыбысының ә-ден немесе і-ден тууы мүмкіндігін айтады [5, 88]. Ғалымның тұжырымының дұрыстығы бүгінгі таңда анықталып отыр. Ә.Жүнісбек е дыбысының й мен і дыбыстарының қосындысынан тұратынын, яғни й – 40 %, і – 60 % құрайтынын эксперимент арқылы дәлелдеп берді. Бұл дыбыстар айтылуда да бірінің орнына бірі қолданыла береді. Мысалы: міне – міні, бәйге – бәйгі, ешбір – ішбір, ешкім – ішкім, бәтеңке – бәтіңке т.б.
Ауыздың ашылуына байланысты е дыбысының айтылуы і дыбысына жуық болғандықтан әрі і-мен салыстырғанда, е дыбысының алдында әнтек й дыбысы болғандықтан, ауа біраз сығылысып, қыстырылып барып шығатынына байланысты Қ.Кемеңгерұлы е дыбысын жартылай қысаңға жатқызған сияқты.
Сонымен, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Малдыбайұлдары мен бүгінгі таңдағы фонетист-ғалымдардың дауыстыларды жақтың қатысына қарай ашық, қысаң деп топтастыруы, аралық дауыстыларды анықтаулары ұқсас:
ХХ ғасырдың басында негізі қаланған Қазақстан лингвистикалық мектебінің өкілдері репрессиялануына байланысты көп жыл ғылыми айналымға түспей, беймәлім болып келгенімен‚ қазіргі кездегі экспериментті фонетиканың жетістіктерімен сәйкес келуі ғалымдардың тұжырымдарының дұрыстығын‚ дәлдігін көрсетеді. Бүгінгі таңдағы түрлі әдіс-тәсіл‚ ғылым жетістіктерінің нәтижесінде қол жеткен табыстың Қазақстан лингвистикалық мектебі өкілдерінің тұжырымдарымен үндесуі осы нәтиженің дұрыстығын көрсетсе‚ екінші жағынан‚ ХХ ғасырдың басында-ақ тіліміздің болмысын терең түсініп‚ дөп басып анықтай білген ғалымдардың білгірлігін танытады. Сол арқылы ХХ ғасырдың басында қазақ тіл білімінің даму деңгейінен де хабардар етеді.
Әдебиет:
- Омаров Е. Қазақ тілінің дыбыстары // Жаңа мектеп. — №1927. -№2(17). — 61-67-б.
- Стенографический отчет научно-орфографической конференции‚ созванной 2-4 июля 1929 г. Научно-методическим Советом НКП и ЦКНТА. — Алматы‚ 1930. — 58 с.
- Ақымет Байтұрсынұлы Таңдамалы шығармалары. — Алматы: Қазақ университеті, 2022. — 656-670-б.
- Жұбанұлы Қ. Қазақ тілінің жоғары курсы // Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. — Алматы: Ғылым‚ 1999. — 55 б.
- Досмұхамедұлы Х. Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы // Халел Досмұхамедұлы. Таңдамалы. — Алматы: Ана тілі‚ 1998. — 81-100-б.
- Яковлев Н. Математическая формула построения алфавита (опыт практического приложения лингвистических теорий) // Культура и письменность Востока. Кн. І. — М.‚ 1928. — С.41-64.
Орынай Жұбай,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы