Алаш арыстары негізін қалаған қазақ лингвистикалық мектебі

Тіл білімінде Мәскеу лингвистикалық мектебі, Ленинград лингвисти­ка­лық мектебі, Қазан лингвистикалық мектебі, т.с.с. туралы жиі сөз болады. Ол мектептердің бірде-бірінен кем түспейтін лингвистикалық мектеп Қазақстанда да болған. Мектептің негізін Ақымет Байтұрсынұлы қалаған. Ғалымның идея­сын Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Басымұлы, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов, т.с.с. ғалымдар жалғастырып, дамытып отырған.

Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңде қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігін сөз еткен зерттеушілер А.Байтұрсынұлы еңбектеріне сүйенгені байқалады:

Алайда, олар ұстазының ойларын сол күйінде қайталамай‚ сан қырынан қарастырып‚ толықтырулар енгізіп отырған. «Артикуляцияны дыбыстардың жүгені‚ физиология мен акустиканы – ноқтасы» деп түсінген ғалымдар (Малдыбайұлы Біләл) дыбыстарды жіктеуде айтылуын да‚ естілуін де‚ дыбыс­тау мүшелерінің дыбыс жасауға қатысуын да ескерген. Елдес Омаров «Қазақ тілінің дыбыстары» деген мақаласында көмейден (дауыс қабыршағының дірілдегенінен) шығатын дыбысты – дауыс‚ тілдің қозғалғанынан‚ таңдайдан‚ тістен‚ еріннен‚ мұрыннан шығатын дыбысты – жай дыбыс деп атай отырып‚ дыбыстардың топтастырылуын былайша түсіндіреді: «Қазақша дыбыстардың әрқайсысын осылай, ішіндегі дауысы мен жай дыбысының шамасына қарай тексерсек: 1) біздің дауысты дыбыстарымыздың бәрінде де жай дыбыстан да дауыс көп болады; жарты дауысты мен ұяң дыбыстарда дауыс та болады, жай дыбыс та болады, бірақ дауысты дыбыстарға қарағанда, дауыс аз болады да, басқа дыбыстардан дауысы артық болады. Қатаң дыбыстардың б-дан басқа алтауында дауыс мүлде болмайды» [1, 67].

Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы мен Қ.Кемеңгерұлының дыбыс­тар­ды – дауысты, дауыссыз, жарты дауысты деп топтастыруы ұқсас. А.Байтұрсынұлы ұяң дауыссыздарды жалғау, жұрнақтардың ауанына қарай, әрі сөз соңында келмеуіне байланысты ымыралы, ымырасыз деп жіктесе, Е.Омаров жарты дауыстыларды қосымшаның басқы дыбыстарын өзгертуіне байланысты ымыралы, ымырасыз деп бөледі. Ал Қ.Кемеңгерұлында ымыралы, ымырасыз деген атаулар кездеспейді. Ғалымдардың бәрінде де дауыстылар құрамы (саны) мен қатаң дауыссыздарды топтастыруларында ұқсастық байқалады. Жалғыз-ақ б дыбысы А.Байтұрсынұлы еңбектерінде қатаңға жатқызылса, Е.Омаров пен Қ.Кемеңгерұлының еңбектерінде ұяң дауыссыздар қатарына жатқызылған. б дыбысының дыбысталуы, естілуі, ұяң дыбыстармен қатар келуі т.б. ерекшеліктері жағынан қатаң дыбыстан гөрі ұяң дыбысқа жақын екенін Е.Омаров 1924 жылғы сійезде жасаған баяндамасында, сонымен қатар «Қазақ тілінің дыбыстары» т.б. мақалаларында жан-жақты талдаған болатын (бұрын п дыбысы естілгенімен, бірқатар сөздерде б дыбысы жазылған ғой, мысалы‚ болыб, жүріб т.б.). Қ.Кемеңгерұлы Е.Омаровтың осы пікірін мақұлда­ған сияқты.

Е.Омаров‚ Қ.Кемеңгерұлы‚ Т.Шонанұлының [2] дыбыстарды топтастыруы бірдей. Қ.Кемеңгерұлы қатаң дыбысқа сәл дауыс қосылса‚ ол өзгеріп‚ ұяңға айналатынын ескеріп, әрі қатаң дыбыстар өзінен кейін қатаң дыбыстың (тасқа‚ таста)‚ ұяң дыбыстар ұяң дыбыстың (тазға‚ тазда) келуін қажет ететіндіктен‚ үнсіз дауыссыздарды жұптап топтастырады (т-д‚ п-б‚ ш-ж…). Ал үнді (мұрын шығысты дауыссыз бен жартылай дауысты) дауыссыздардың бұдан ерекшелігі – бір жағынан, сыңары болмайды‚ екінші жағынан‚ диссимиляциялық өзгерістерге түседі: мал-дар‚ Боран-бай‚ ұстан-бақ т.с.с.

Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Т.Шонановтардың қатаң, ұяң дауыссыздарын А.Байтұрсынұлы «Дыбыстарды жіктеу туралы» [3] деген мақаласында «қысаң жолды», «босаң жолды дауыссыздар» деп атайды. Дыбыстарды жіктеуде осы терминдерді Қ.Жұбанов та пайдаланады. Е.Омаров, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлының қазақ тіліндегі дыбыстарды топтастыруы А.Байтұрсынұлының аталған мақаласындағы жіктеуі мен Қ.Жұбановтың ­классификациясы [4, 55] ұқсас:

Орынай Жұбай,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар