«AMANAT» партиясы еліміздегі ірі қалаларды дамытуға қатысты түбегейлі жаңа көзқарас қажет екенін айтты

Халыққа лық толған шеткі аудандар, тозған инфрақұрылым, көліктің көптігі мен баспана тапшылығы – бүгінде Қазақстандағы ірі агломерацияларға тән ортақ мәселелерге айналды. Десе де дәл осы қалалар инвестиция мен адами капиталдың, экономикалық өсімнің басты орталығы болып отыр. «AMANAT» партиясы өкілдерінің айтуынша, жедел урбанизация жағдайында агломерациялар өздігінен емес, нақты жоспар негізінде, өңірлер арасындағы тиімді үйлестірумен және мемлекеттік қолдаумен дамуға тиіс. Осы мәселелер Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің кеңейтілген отырысында талқыланды.

Кеңесті басқарған Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев қала агломерациялары басқару мен қаржыландыру жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізілмесе, олар өсім драйверінен әлеуметтік шиеленіс көзіне айналуы мүмкін екенін айтты.

«Агломерация – бұл жай ғана халық пен тұрғын үйлердің тығыздығы емес. Бұл қала құрылысы саясаты мен бюджеттік жоспарлаудан бастап бүкіл мемлекеттік жүйе үшін сынақ. Ашық мойындау керек, қазіргі жүйе бұл жүкті көтере алмай отыр. Қаржыландыру кешігіп келеді, кешенді жоспарлар орындалмайды, өңірлер бір-бірін естімейді. Енді жүйелі және батыл әрекет ету қажет. Бұл – Президенттің нақты тапсырмасы. «AMANAT» партиясы бұл тапсырманың орындалуын талап ететін болады, – деді ол.

Ол Алматы қаласы бюджетінен көршілес облыстан жер сатып алынып, қаладағы ЖЭО-ны газбен қамтуға арналған газ құбыры тартылғанын мысалға келтіріп, горизонталь трансферт механизмінің тиімділігін атап өтті.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың айтуынша, қазіргі таңда Алматылық, Астаналық және Қарағандылық агломерацияларды дамытудың кешенді жоспарлары бекітілген. Ақтөбе мен Шымкент агломерацияларына қатысты құжаттар дайындалу үстінде. Бекітілген жоспарлар аясындағы шаралардың жалпы құны – 5,4 трлн теңгеден асады.

Берік Бейсенғалиев горизонталдытрансферттер механизмінің оң әсерін атап өтті. Бұл тәсіл әкімдіктерге өз аумақтарынан тыс жерлерде бірлескен жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың айтуынша, қазіргі таңда алматылық, астаналық және қарағандылық агломерацияларды дамытудың кешенді жоспарлары бекітілген. Ақтөбе мен Шымкент агломерацияларына қатысты құжаттар дайындалу үстінде. Бекітілген жоспарлар аясындағы шаралардың жалпы құны – 5,4 трлн теңгеден асады.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренованың айтуынша, Астана агломерациясының шетінде 1 миллионнан астам адам тұрады – бұл ресми статистикадан әлдеқайда көп. Урбанизация күшейіп жатқан қазіргі кезеңде маятниктік  көші-қон, инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі секілді мәселелер сақталып отыр. 2024 жылы 19 әлеуметтік нысан салынды, 26 мыңнан астам адам газбен қамтылды, электр желілері, су және жол инфрақұрылымы жаңартылды.

Дегенмен, құрылыс материалдары мен жер бағасының өсуі, жергілікті бюджеттердің шектеулілігі, республикалық қаржыландырудың аздығы – үлкен кедергі болып отыр.

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов елордада кешенді жоспар аясында 70 іс-шара жүзеге асырылып жатқанын, олардың 64-і жеке инвестициялар есебінен орындалатынын жеткізді.

Алматы қаласының урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев желтоқсан айында бекітілген Алматылық агломерацияны дамытудың кешенді жоспары туралы баяндады. Жалпы 3,37 трлн теңгеге 134 шара жоспарланған, оның 56-сы Алматы қаласына тиесілі.

Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Нұржан Құдайбергеновтің айтуынша, 2024 жылы 34 жоба жүзеге асқан, ал 2025 жылы тағы 23 жоба қолға алынды. Олардың ішінде – 18 елді мекенді газдандыру, радиалды жолдар салу және тау кластерінің жоспарын әзірлеу жобалары бар.

Қорытындылай келе, Берік Бейсенғалиев агломерациялардың дамуына кедергі келтіріп отырған басты мәселелер – тозған инфрақұрылым, көлік жүктемесі, қаржы тапшылығы және үйлестірудің әлсіздігі екенін атап өтті. Бұл мәселелерді шешу – тек мемлекетке емес, жергілікті билік пен бизнеске де ортақ жауапкершілік болуға тиіс.

Ол кешенді жоспарларды қаржыландыру тәсілін қайта қарауды ұсынды және Үкіметке тиісті нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеуді тапсырды. Әкімдіктер мен министрліктер жаңа Бюджет кодексін ескере отырып, жоспарларын жаңартуы керек.

Көлік министрлігіне агломерациялар үшін бірыңғай қоғамдық көлік жүйесін әзірлеу – қалааралық маршруттар, тарифтер мен субсидияларды қоса қамтитын – міндеті жүктелді. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту бойынша жоспарларды жеке инвестициялар мен МЖӘ тетіктерін тарта отырып әзірлеу ұсынылды.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар