«AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезектен тыс отырысы өтіп, жиында жазғы лагерьлердің ахуалы сараланды. Жұмыс жиыны комиссия төрағасы Берік Тұрғанбаевтың төрағалығымен өтіп, оған комиссия мүшелері Г.Әлімбетова, С.Шардарбеков, Т.Абуов, Н.Майусова, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Т.Жұмақов, «Ел мүддесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Д.Бек қатысты.
Партиялық алаңда өткен қызу талқылауда Созақ ауданында балаларға арналған сауықтыру лагерлерінің жұмысы, оның ішінде «Машат-Арасан» оқу-сауықтыру лагеріндегі ахуал талқыланды. Күн тәртібіне қойылған тақырып шеңберінде арнайы бейнерепортаждар көрсетіліп, лагерьде демалып жатқан балалардың ата-аналарынан түскен шағымдар негізінде туындаған мәселелер бойынша хабарлама жасалды.
Хабарламада жүргізілген зерделеулер барысында «Машат-Арасан» оқу-сауықтыру лагерінде анықталған бірқатар кемшіліктер атап өтілді. Оның ішінде тәрбие жұмысы бойынша нақты іс-жоспардың ұсынылмауы, балаларға арналған ас мәзірінің сапасы мен құрылымындағы олқылықтар, ағымдағы жөндеу жұмыстарының тиісті деңгейде атқарылмауы, жатақхана бөлмелерінде қауіпсіздік торларының жоқтығы, тұрғын бөлмелердің тарлығы, бассейн жанында киім ілгіштердің болмауы сияқты нақты мәселелер айтылды. Жауапты тұлғалардың түсініктемесі тыңдалды.
Комиссия отырысына қатысқан лагерь басшысы, жеке кәсіпкер Ә.Әнапия түсініктеме беріп, аталған кемшіліктердің бір бөлігі қазіргі таңда қалпына келтірілгенін айтты. Сонымен қатар, сауықтыру лагерінің мамандары іс-жоспар құжаттарын ұсынуға дайын болмағанын мойындады. Демалушы балаларға арналған кезекті маусым кезінде көрсетілген кемшіліктер ретке келтірілгенін мәлімдеп, комиссия тарапынан қайта зерделеу жұмыстарын атқаруды сұрады.
Жиын барысында комиссия мүшелері аталған мәселе бойынша нақты сауалдар қойып, жауаптар алды. Комиссия төрағасы Берік Тұрғанбаев бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жүйелі жалғасатынын және балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету маңызды міндет екенін ерекше атап өтті.
Комиссия жұмысы аясында аудандық білім бөлімінің басшысы А.Өтебаев хабарлама жасап, қазіргі таңда жасалып жатқан жұмыстар мен бақылау іс-шаралары туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Комиссия қорытындысы бойынша барлық ұсыныс-пікірлер мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің ой-пайымдары ескерілді. Басты ұсыныстардың бірі – балаларды сауықтыруға арналған жаңа кешеннің Созақ ауданының өз аумағынан ашу қажеттілігі болды. Мұндай шешім логистика тұрғысынан тиімді әрі балалар үшін қауіпсіз әрі қолжетімді болатыны атап өтілді.
Партиялық бақылау комиссиясы ұйымдастырған бұл отырыс – «AMANAT» партиясының қоғам алдындағы жауапкершілігі мен ашықтығының нақты дәлелі бола алады. Балалардың көңіл күйі, оларға ұйымдастырылған демалыс сапасы, балалардың өмір қауіпсіздігі басты назарымызда болады және бұл бағыттағы бақылау жұмыстары әрі қарай да жалғасын табады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының баспасөз қызметі