Бүгін Арыс қаласының білім бөліміне қарасты М.Әуезов атындағы мектеп гимназиясына қосымша екі қабатты жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Жаңа қосымша мектептің салтанатты ашылу рәсімі мен алғашқы қоңырауына Арыс қаласының әкімі Құрманбекова Гүлжан Мамытқызы, қалалық білім бөлімі басшысысы Момбеков Әшімхан Тілеуханұлы, «Аманат» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Ділдәбеков Бақытғали Сарсенбекұлы және «Қамқоршылық» кеңес төрайымы Мырзабаева Дариға Қажмаханқызы сөз сөйлеп, мұғалімдерді, оқушыларды және ата-аналарды 1 қыркүйек – Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен, жаңа қосымша ғимараттың пайдалануға берілуімен құттықтады.
Игі шарада Әнұран шырқалып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтерілді.
Білім алушылар 200 орындық жаңа мектебіне өнерін арнады. Биыл қаламызға қарасты 37 мектепте 20 мыңнан астам оқушы тәрбиеленсе, оның 1526 оқушы мектепке алғаш қадам басты. Қолдарына «Әліппесін» қыса ұстаған олар «Мектеп» атты кеменің жолаушылары атанды. Шара барысында жиынның сәнін кіргізіп, бірінші және он бірінші сынып оқушылары күміс қоңырауды сыңғырлатты.
Көпшілік талапқа сай безендіріліп, жабдықталған жаңа мектепті аралап көріп, өскелең ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барша жағдай жасалғанына көз жеткізді.