Қазақ тілінің ең үлкен заңдылығының бірі сөз жоқ үндестік заңы немесе сингармонизм. Халел Досмұхаметұлы: «Қазақ тілінде сингармонизм заңына көнбейтін сөз, сөз өзгерісі жоқ» – деп кесіп айтыпты. Олай айтуы өте орынды. Шын мәнінде ғалымдардың пайымдауынша, үндестік заңына көнбей жүрген жалғыз сөз бар екен. Ол «қайтіп» сөзі. Мырзабектен Сапархан ағамыздың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы» еңбегінде аталған сөздің қайтіп, қайтып, кәйтіп деген үш нұсқасы да кездеседі. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, қай түбіріндегі «а» дыбысы жуан болғандықтан оған жалғанатын буындағы дауысты жуан болуы керек. Үндестік заңы дегеніміз осы. Қайтіп-тегі «і» жіңішке және көбіне сол қайтіп қолданылады. Яғни жуан түбірге жіңішке буын жалғанып тұр. Ол үндестік заңына қайшы. Сондықтан қайтыпты, не кәйтіпті қолданған жөн. Мырзабектен Сапархан өйтеді, бүйтеді, сөйтедінің ізімен кәйтедіні қолдануды ұсыныпты. Әрине дұрыс ұсыныс дер едік.
Қазақ тілінің үндестік заңы делінетін ең басты заңға қайшы әрекетіміз бұл ғана емес. Екі мыңыншы жылдардың басына дейін кінәлы, кінәсыз деп жазып келсек, біздің қолымыздағы 2007 жылғы «Орфографиялық сөздікте» кінәлі, кінәсіз болып түзетіліпті. Қалған бұл саладағы ғалымдарға белгілі: кітап, мұғалім, қазір, ділда, ләззат, қате, қажет, халі, қауіп сөздерін күні бүгін осылай тіл табиғатына кері келетін түрде жазып келеміз. Айтылым сөздікте бұл сөздер: кітаппазары, кітәбдүкөнү, яғни кітәп, мұғалым, кәзір және қазыр, ділдә, ләзәт (ілезет), қата (кәте), кәжет//қажат (әжет), қалы, қауұп деп көрсетіліпті. Осындағы қауұп-тан басқасын жазылымда айтылым бойынша қолдана беруге болатын секілді. Ал қауұп-ты қауып болғызып жазуға болады деп ойлаймыз. Тұжырып айтсақ, егер аталған сөздерді кітәп, мұғалым, кәзір немесе қазыр, ділдә, ләззәт, қата, қажат (әжет), қалы, қауып болғызып жазылымда қолдансақ, деген пікірге, тілші ғалымдар өз уәждерін айтар деген үміттеміз.
Үндестік заңының күштілігі тіркескен сөздерді де өзіне бағындырып жіберетінінен көрінсе керек. Атап айтсақ, бері таман – бермен, бұл күн – бүгін, сегіз он – сексен, бел бау – белбеу болып өзгеріп қалыптасқанын, біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.
Біз негізінен дауысты дыбыстарға қатысты жайларды тәптіштеп отырмыз. Ғалымдардың пайымынша, дауыссыз дыбыстардың қолданысында да қайшылықтар жоқ емес. Ұяң – б, г, ғ, д, ж, з дыбыстары тек ұяң дыбыстармен, қатаң – к, қ, п, с, т, ш дыбыстары тек қатаң дыбыстармен тіркесіп келуі керек. Алайда біз төменде келтіретін сөздерде олай емес. (Тіркескен әріптерді дефиспен бөліп көрсеттік). Мәселен, ра-қм-ет, А-хм-ет, са-хн-а, о-бл-ыс, ма-қр-ұм, ғи-бр-ат, қы-зм-ет, я-ғн-и, ре-см-и, мә-сл-ихат, ша-шл-ык, кас-тр-өл, ме-др-есе секілді біршама сөздерді жазылым, айтылым сөздігін жасаушылар тіл заңдылығына сәйкестірмегені әріптестері тарапынан сыналуы орынды көрінді.
Сол секілді араб-парсыдан енген сөздердегі: маха-бб-ат, а-лл-а, ғи-зз-ат, кү-лл-і, жа-нн-ат, сү-нн-ет, мү-дд-е, құ-дд-ы сөздеріндегі Халел атамыз айтқандай екіленіп қолданылған дыбыстар, қазақ тіліне жұғысты болмапты. Бір жаулаушыдан кейін екінші басқыншы келгенде, турасы – мұндай қайталанған дыбыстарды араб-парсы дәуірінен бері бәлен ғасыр айтып келген қазақ, енді орыс тілінің екпінін тез үйренуге ғана септігі тиген сыңайлы.
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
anatili.kazgazeta.kz