Аталған қайшылықты сөз еткенде, мәселенің маңыздылығын аша түсуді көздеген едік. Ары қарай айтылым мен жазылымның ерекшеліктерін сөз етпекпіз. Кеңес дәуірінде орфографияда даулы мәселелер болғанмен, негізінен біріздендірілді. Баспасөз бен мектептің арқасында жаппай бірдей ережемен жазу іске асырылды. Ғалымдардың өз арасында пікір алшақтығы болғанмен, олар да айғайлап айтпады. Былайғы жұрт тіптен пікір білдіруге қақы болмады десек артық айтқандық болмас. Кеңестік өмір салтында тіл мәселесіне тікелей ұлттар көсемі Сталин өзі араласқандықтан да «ат үркетін» тақырыптың біріне айналған болатын.
Қазақ орфографиясы табысқа жеткендей көрінгенмен, орфоэпияға онша бас қатырмады. Әсіресе қазақ секілді халықтың тілі кеңестік ғажайып жазуға негізделу керек болды. «Қазан төңкерісінің арқасында көзіміз ашылды» дегенді күніне бәлен мәрте айтпаса, ас батпайтын, ұйқысы қанбайтын қоғамда басқаша болуы да мүмкін емес еді.
Қарапайым қисынға салсақ та сәби алдымен жазуды емес, сөйлеуді үйренеді. Адам баласы өмір бойына бір-біріне жазбайды, өзара сөйлеседі. Жазу қалайда екінші кезекте тұрады. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деп мақалдататын себебі де содан. Айтылымды бәлен ғасыр бойына халық жасайды. Ол халықтың өмірлік іс-тәжірибесі арқылы қалыптасады. Сөйлеудің, дыбыстаудың дамуының бір көрінісі – жазу. Бірақ жазуды тұтас халық жасамайды, жекелеген адамдар түзеді.
Әрі мыңдаған жыл қалыптасқан айтылым теңдессіз жүйе құрады, заңдылықтар қалыптастырады. Сондықтан бізге туысқан халықтардың тіліндегі дыбыстық ерекшеліктер олармен сөйлескенде бірден білінеді. Себебі сөз немесе дыбыс сол тілді ерекшелендіреді. Қырғыз ағайындармен сөйлесе қалсаң «ш» әрпінің, өзбек туғандармен шүйіркелессең «о» әрпінің екпінін байқайсың. «Оларды өзге түркілерден ерекшелеп тұрған сондай дыбыстары» деседі тілші ғалымдар. Бізге ең жақын, бірге туысқан делінетін қарақалпақ (Әлкей Марғұланның пікірі) немесе ноғай жұртының тілінде онша айырмашылық болмаса, расында тегіміздің жақындығын білдірсе керек.
Ұлы Ақаң, Ахмет Байтұрсынұлы анықтағандай, тілімізде 9 дауысты, 19 дауыссыз дыбыс бар. Қазақ тілін тіл қылып тұрған осы 28 дыбыс. Сан мәрте айтылғандай кеңес дәуірінде зорлықпен дауыстылар 15-ке, дауыссыздар 26-ға жеткізілді. Ұлттың бүтіндей дыбыстау жүйесі бұзылды. Ол жөнінде ұзақ толғануға болады. Енді латын әліпбиіне көшкенде қалай болатынын әрине, тағы да ғалымдар шешеді.
Қара тіл мен әдеби тіл
Ахмет Байтұрсынұлы «ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиіс» – дейтіні бар. Ал шын мәніндегі ұлы ғалымның бірі Халел Досмұхаметұлы: «Жазба әдебиет жоқтық бізді сақтады» – дейді. Мұндай пікірді оқығанда ойланып қаласың. Ары қарай оқи түссек: «Елдің тілінің бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшы болады.
Оқығандар өздеріне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішінде жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді. Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің заңымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді; сондықтан жер жүзіндегі жұрттың көбі әдебиет тілін қара тілге жақын қылып, елге түсінікті қылуға тырысады» – депті.
Байтұрсынұлы одан да анығырақ: «…жат тілмен жазып, өз тілінен айырылған басқа түріктердің ізіне түсіп, тілімізді аздырғанымызды мақұл көрмейміз» – деген екен. Шүкір, жазба тіл қара тілге жақын шықты. Абайдан бастап ұлы тұлғаларымыз әлгі қауіпті анық түсінгенін көреміз. Халел мен Ахмет аталарымыздың айтып отырғанына бір түрік халқының әдебиеті де мысал бола алады. ХIХ ғасырдың екінші жартысына дейін түрік халқының Физули бастаған небір керемет ақындары араб-парсы, түрік сөздерін араластырып жазып, бүгінгі ұрпағына түсініксіз болғанын аталарымыз білген. Әлішер Науаи да түпнұсқада бізге түсініксіз. Сондай жолдан сақтандырды. Керемет дамыған ауыз әдебиеті жазба әдебиеттің бірден қарқындап дамуына ықпал етті. Дегенмен сол әдебиеттің тілі тоқсаныншы жылдары құлдықтан айтылым-сүйегін сүйретіп, зорға шыққаны анық. Себеп ілкіде сөз етілген сөздердің айтылуы мен жазылуының арасындағы айырмашылықты жойғаннан.
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
anatili.kazgazeta.kz