Қазақ тілі: Қалыпқа түсіру…

Тілдегі ең үлкен мәселенің бірі – кірме сөздер. Орыс әліпбиіне негізделген қазақ жазуында дәл осы кірме сөздер мәселесін дұрыс шеше алмадық десек, ғалымдардың көңіліне келмейтін шығар. Бұл да айтылып-айтылып әбден шаңы шыққан мәселе. Әрине орыстар барлық дерлік термин атаулыны еуропалық тілдерден алды. Алғанда да көбін өз тілдеріне ыңғайластырып қолдануда. Ал біз өз тілімізге сәйкестендірмей, орысша қалай жазылса, солай айтып, жаздық. Яғни біздікі «әзір асқа – тік қасық». Әрі құлдың тірлігі. Рас, қазақ тәуелсіздігін қайта қалпына келтірген жылдарда бұл бағытта ізденген ғалымдар аз емес. Біраз нәтиже бар. Дегенмен жеткіліксіз.

Обалы нешік, бастабында Алаш зиялылары дұрыс бағыт-бағдар берді. Кірме сөзді «жаншып, өз тілінің қалпына түсіру» ісінің басында, осы сөзді айтқан Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Халел атамыз да оны қолдап былай дейді: «Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады.

Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді.
Жат сөздерді өзгертпей жүргіземіз деп қазақтың тілін бұрағандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адамның денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады». Әрине атамыз қайтсін, осылай деп шы­рылдағанда, құлдықтағы халқының ең соңғы қорғаны – тілі екенін білгендігі ғой.
Тек Мәскеу деген атау емес, Алаш зиялылары біршама кірме сөздерді тілімізге ешқандай заңдылығын бұзбай, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», өте жатық етіп енгізіп берді. Олардың кейбіреуін тізбелесек: сәбет, перме, әртел, бәлшебек, бірійгәдір, кәзет, радыйо, зауыт, пәбірік, редәктір, қалхоз, сапқоз, өктәбір, үністет, ініспектір, кәнсерт, кәмүнійзім, әрмійе, дәкүмет тағы басқа. Мұндай сәтті талпыныс Алаш зиялылары атылып кеткен соң тоқырағаны белгілі.

Егер әліпби ауыстыру мәселесі Қазақ­станда шынымен қолға алынса, (былай айтып жатқанымыз, басында белсенді бас­талған бұл шаруа, кейінгі кезде саябыр­сығандай көрінеді), дәл осы кірме сөздерді Еуропа тілдеріндегі немесе дүниедегі ең үстем ағылшын тіліндегі тұлғасында қолданамыз ба, деген сауалмен міндетті түрде бетпе-бет келеміз. «Ғылым-білімнің дамуына байланысты күнде пайда болып жатқан кірме сөздер топанын, өз тілімізге басқа тілдердегі тұлғасынан қазақыландырамыз ба, жоқ әдеттегідей орыс тіліндегі нұсқаларын тұтынамыз ба?» дегенге біздің ғалымдар әзірге жауап бергенін оқымадық. Әлде бұл бағытта ғалымдардың өзара келісілген, ақылдасып тоқтасқан ұстанымы бар ма? Жоқ латын қаріптерін қалай қолданатынымыз шешілмей, ол жөнінде сөз қозғамай тұра тұрамыз ба? Осындай сауалдар аз емес, оларға ғалымдар қалайда жауап іздейтініне күмән болмаса керек.

Өзгеретін және өзгермейтін әріптер

Бұл мақаланы жазу кезінде негізінен Мырзабектен Сапарханның «Қазақ тілінің айтылым сөздігін» (2001) қолдандық. Бірақ оған дейін Қ.Неталиеваның «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (1977 жылы), М.Дүйсебаеваның «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1981 жылы), М.Серғалиевтің «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1996 жылы) жарық көрген екен.

Ғалымдардың пайымдауынша, айтылым кезінде ә, й, л, м, ң, о, ө, р, т, у, ұ, ү әріптері (барлығы 12 әріп), өзгермейді. Ал 16 әріп өзгереді. Олар: а, б, г, ғ, д, е, ж, з, к, қ, н, п, с, ш, ы, і әріптері. Енді осындағы а – кітәп, ділдә сөздерінде ә, б – арап, бап секілді сөздерде п, г – ақкүл (ақ гүл), көккүл (көк гүл) тіркестерінде к-ге айналып кетеді. Сол секілді жасқалым (жас ғалым), әдетқұрып (әдет-ғұрып), үштәптер (үш дәптер), жастәурөн (жас дәурен), өлөң (өлең), өкпөлі (өкпелі), әуөлөт (әуелет), әуөс (әуес), үшшол (үш жол) үшшыл (үш жыл), төртчүз (төрт жүз), шетчер (шет жер), ійтчанды (итжанды), сөссүз (сөзсіз), сессе (сезсе), божжорға (бозжорға), Қыжжібек (Қыз Жібек), көгала (көк ала), қарагөк (қара көк), Ағмола (Ақмола), қарағой (қара қой), Жамболат (Жанболат), омбір (он бір), дебеді (деп еді), ойлаботұр (ойлап отыр), башшы (басшы), кешші (кесші), патча (патша), атчаптырым (ат шаптырым), ійтчіле (итшіле), жұлдұзұ (жұлдызы), дауұлұ (дауылы), орұн (орын), дәуүрү (дәуірі), күлкүсү (күлкісі), екеуү (екеуі) болып айтылады.

Бұларға қоса қар ала (қара ала), сар ала (сары ала), мақабат (махаббат), секілді бір-бір әрпі түсіп, немесе қызымет (қызмет), еміле (емле), мақұрұм (мақрұм) болып бір-бір әріп қосылып айтылатын да сөздер бар. Ең аяғы барады, келеді деген етістіктер айтуда барат, келет болып шығады.

Мұның барлығын неге тәптіштеп айтып жатырмыз? Дамыған елдер орфоэпиясын жұтатпауға, қалпын барынша сақтауға тырысады. Осы мақаланың басында ағылшын тілінің айтылымы мен жазылымының алшақтығы айтылды (Н.Әміржанова). Бірақ алшақ екен деп ағылшындар айтылымын ақсатпайды. Біз де айтылым мәселесіне селқос қарамауымыз қажет. Өйткені қазақ тіліне ең жақын түркі тілдерінің өзінен біздің тіліміздің ерекшелігі сол айтылымда, дыбыстауда. Ілкіде Ахмет Байтұрсынұлының ХХ ғасырға тілімізді аздырмай, асыл қалпында жеткізгеніміз жөнінде айтқанын келтірдік. Кеңес дәуірінде тіліміздің дыбыс жүйесі қатты өзгерді. Оны қалпына келтіру үшін, қазақ тілінің айтылымын жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне ғана емес, қазақша сабақ беретін барлық пән мұғалімдеріне үйрету керек дер едік. Өйткені мектептегі мұғалім, айтылым ерекшелігін сақтап сөйлегені маңызды.

Сол секілді мектептегі қазақ тілі пәніне орфоэпияны енгізген жөн демекпіз. Журналистика факультеттерінің студенттері мен телеарна, радио дикторларының да қолынан «Қазақ тілінің айтылым сөздігі» түспеуі тиіс. Өйткені бұл ұлт тілінің қамы. Қазақ тілі біздің ең соңғы қамалымыз болып қалады.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
anatili.kazgazeta.kz

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар