Басқарма басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы Төлеби ауданына іссапары аясында аудандағы Тағайна жалпы білім беретін мектебіне барып, осы білім ошағының жағдайымен, материалдық-техникалық базасымен танысты.
Тағайна мектебінде бүгінгі таңда 346 оқушыға 45 мұғалім екі ауысымда білім беруде. Қолданыстағы ескі ғимарат қатты отынмен жылытылып отыр. Дегенмен оқушылар үлгерімі жақсы. Өткен оқу жылында екі жас түлек мектепті Алтын белгімен бітірді. Жалпы, Тағайна мектебінің оқушылары ауданда тек жақсы қырынан көрініп жүр. Осы жөнінде әңгімелеп берген мектеп директоры Жамол Кадиров әр жылдары пайдалануға берілген білім мекемесі ғимаратында оқушылар қауіпсіздігі ойластырылып, бейнебақылау камераларының орнатылғанын, мектептің аумағы қоршалғанын, дабыл батырмасының, ішкі әжетхананың бар екенін айтты.
Тағайна мектебінің жағдайы, материалдық-техникалық базасы туралы мағлұматқа қанық болған басқарма басшысы тиісті азаматтарға қолға алынған жаңа оқу ғимаратының құрылысын тездетуге ықпал етуді, сондай-ақ, мектептің қолданысындағы ескі ғимаратта дизельмен жылытылатын жылыту жүйесін жасауды тапсырды.