Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қатарына 2021 жылы қосылған Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін алғашқы түлектер бітіріп шықты. Осыған орай, Түркістандағы «Конгресс холл» көпсалалы кешеніде «Зияткер түлек – 2025» атты аттестат табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, «Halyk bank» АҚ Түркістан облыстық филиалының басшысы Нұрбол Нұсқабеков, ата-аналар, ұстаздар мен түлектер қауымы қатысты.
Түлектерге аттестат табыстау рәсімі мектеп тарихында тұңғыш рет өткізілуде. Кеш шымылдығы жүрек тебірентер сөздермен ашылып, білім ордасының үш жылдық тарихына көз жүгіртілді. Қонақтар мен мектеп басшылары құттықтау сөз сөйлеп, оқушылардың музыкалық тарту жасады. Әсерлі бейнероликтер көрсетіліп, естелік фотосессиялар ұйымдастырылды.
Сахна төрінен орын алған жүрекжарды тілектер мен жылы лебіздер түлектерге үлкен жауапкершілік жүктеп, алдағы өмір жолына шабыт сыйлады. Салтанатты кеш ұстаздар қауымының түлектерге арналған ерекше би флешмобымен қорытындыланды. Ұстаздар мен шәкірттердің бірлескен еңбегі нәтижесінде мектеп түлектері жаңа өмірге сенімді қадаммен аттанды.
Биыл облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін 56 оқушы сәтті тәмамадады. Олар халықаралық IELTS, SAT емтихандары бойынша мүмкін болатын 9 ұпайдың кем дегенде 7.0, 7.5, 8.0 ұпайын жинаған. Сондай-ақ оқушылар еліміздің және шетелдің ең үздік жоғары оқу орындарынан, атап айтқанда, Назарбаев Университеті, Coventry University, QS World University Rankings 2025 зерттеуіне сәйкес, әлемде 38-орындағы Канадада орналасқан The University of British Columbia, Asian University Rankings зерттеуіне сәйкес 43-орынға жайғасқан Hong Kong Baptist University, Times Higher Education зерттеуі бойынша әлемнің үздік университеттері рейтингісінің 6-орнына жайғасқан Arizona State University және басқа да ЖОО-дан шақырту алды.