Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық шарасы аясындағы сенбілік жұмыстары тұрғындар тарапынан да үлкен қолдау тауып, жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгін де Жетісай ауданындағы қала, кент, барлық елді мекендердің тұрғындарының, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлерінің, табиғат жанашырларының қатысуымен аудандық сенбілік өтті.
2 мыңға тарта адам мен 15 техника жұмылдырылған тазалық жұмыстары барысында мекемелер мен бөлімдерге арнайы бекітілген учаскелерде бей-берекет жатқан қоқыс орындары, ауданның кіреберістері тазаланып, шөптері шабылды, қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды.
«Бүгінгі сенбілікке аудандағы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкері мен арнайы техникалар қатысып, әрбірі өздеріне бекітіліп берілген аумақтарында тиісті жұмыстарды атқарды. Мұндай шаралар аудан аумағында тұрақты түрде өткізілуінің бірден-бір себебі – тазалық жұмыстарына жергілікті тұрғындардың да бей-жай қарамауы. Белсенділік танытуы» деген аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы кез-келген қоғамның тазалығы мен тұрғындарының мәдени деңгейiн көрсететін осындай бастамаларға жетісайлық жұртшылықтың қолдауы үлкен екенін айтады.