2024 жылы «Парктер шеруі» акциясының ашылуы Отырар ауданы Көксарай елді мекенінде өтеді. Бұл — жыл сайын дәстүрлі түрде табиғатты қорғау мақсатында өткізілетін акция. Аталған шара аясында 3 түрлі бастама қолға алынады.
Олар: «Парктер тынысы» фотокөрмесі, «Сырдың көркі -тораңғы» атты қоқыс тазалау шарасы және «Қазақстан — қызғалдақтар отаны» акциясы. Бұл жайында брифингте «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің маманы Жұмабай Көшербай мәлімдеді.
«Қазақстанда қызғалдақтың 40-қа жуық түрі өседі. Оның жартысынан астамы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлері. Қызғалдақтың сирек түрін жұлған жағдайда 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады»- деді Жұмабай Өскенбайұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан «Сырдария-Түркістан» МӨТП ғылыми қызметкері Ғани Назарбек қазіргі таңда балықтың уылдырық шашу кезеңі басталғандықтан, Шардара суқоймасынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі Сырдария өзенінде 5 сәуір-31 мамыр аралығында балық аулауға тыйым салынатындығын жеткізді.

