Ескі мектептің орнына жаңасы бой көтерді

Ата заңымыз-Конституция күні және 1-қыркүйек «Білім күні» қарсаңында ауданымызда қуаншты жаңалық орын алды. «Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасы шеңберінде Машат ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылындағы көп жылдан бері шешімін таппай келген тозығы жеткен ескі мектеп орнына жаңа мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілді.

Білім нысанының ашылуына аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттарымен құттықтап, қуаныштарымен бөлісті.

150 оқушыға шақталған жаңа нысанда мемлекеттік білім беру мен оқу стандарты толық орындалған. Бұнда 1 лингофон, 1 мультимедия, 1 қыз балаларына және 1 ұлдарға арналған шеберхана мен жаңа үлгідегі 13 оқу пән кабинеттері бар. Мәжіліс, спорт залы, кітапхана, педагог-психолог кабинеттері мен 50 орындық асхана, медициналық бөлме және ішкі әжетхана қарастырылған.

Сонымен қатар, мерекелік шарада мектеп атауы берілген Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрмахан Тұрсынбековтың бюстінің ашылу салтанаты өтіп, ескерткіштің бой көтеруіне демеуші болған батырдың немере жиені Айымхан Баймаханқызы және жиынға жиналған қауымның қатысуымен лента қию рәсімі өтті.

Айта кетерлік, ауданымызда халық санының артуына және балаларға сапалы білім алуға жағдай жасау мақсатында Таусағыз ауылындағы «Г.Титов» мектебінің қосымша 150 орындық ғимарат құрылысына және Т.Рысқұлов ауылы, «Бақыбек» мөлтек ауданында орналасатын 300 орындық мектептің құрылысына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Ынтымақ ауылы «А.Оразбаева» атындағы жалпы орта мектебінің күрделі жөңдеу жұмыстары атқарылып, биыл толық пайдалануға берілмек. 2023-2025 жылдарға 4 жаңа мектептің және 2 қосымша ғимараттың құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оның екеуі жайлы мектеп болмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар