Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «Білім беруді дамыту орталығының» жоспарына сәйкес 23 мамыр күні №13 колледжінде Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласындағы білім беру ұйымдарындағы әріптестермен тәжірибе алмасу мақсатында «Педагогтың кәсіби дамуы – білім берудегі жаңару негізі» тақырыбында халықаралық тәжірибелік семинар өтті.
Семинар мақсаты — халықаралық әріптестік саласын дамыта отырып, тәжірбие алмасу және дайындалатын мамандықтардың бір-бірімен байланысын арттыруда өзара ынтымақтастық аясында бірлесе жұмыс жасау.
Семинарға облыс колледждерінің мамандары мен Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласындағы «Ташкент экономикалық және индустриялық техникумы», «Ташкент туризм және қонақ үй менеджмент техникумы» оқу орындарының мамандары қатысты.
Аталған іс-шара аясында №13 колледж бен Ташкент қаласының колледждері арасында білім алушылардың мамандығына қызығушылығын арттыру және әріптестермен тәжірибе алмасу, педагогтардың кәсіби құзыреттіліктерінің дамуына ықпал ету мақсатында екі жақты келісім шарт жасалды.
Сонымен қоса, «WorldSkills» халықаралық стандарттары бойынша кәсіби шеберлік дағдыларды бағалау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың болашағын нығайтуда екі жақтың білім алушылары шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.
Семинар барысында «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша шетелдік әріптестермен «Audi В4» авто көлігінің қозғалтқышын шашып-жинау» тақырыбында шебер сынып өткізілді.
«Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша аймақтық колледждің арнайы пән оқытушыларының қатысуымен шебер сынып өткізілді. «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша колледждің арнайы пән оқытушылары Нурмаганбет Динара, Кенжебаева Замира, Хашимова Мастура апайлардың ұйымдастыруымен Өзбекстан Республикасынан келген әріптестермен бірлесе шебер сынып өткізді.
Ташкент қаласы Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Б. Исмаилов мырзадан ағымдағы жылдың 2 маусымы күні, әріптестік байланысты дамыту мақсатында Ғ. Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі мен №8 колледж басшылары шақырту алды.